Депутат электронды темекі сатуға тыйым салуды ұсынды
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин вейптерді сатуға толығымен тыйым салу керек деп есептейді. Депутаттың сөзінше, бүгінде үкімет вейптер мәселесіне экономикалық тұрғыда қарап отыр.
"Біз халықтың өмір сапасы мен денсаулығын көтеру мәселесін ысырып қойып отырмыз. Бұрын сол электронды темекіні ересек азаматтар қолданса, қазір жас балалар, әсіресе, мектеп жасындағы балалар жиі шегетін болды, соны қызық көріп пайдаланады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі вейпингтің адам денсаулығына үлкен әсері бар екенін айтып отыр. Қазіргі зерттеулердің өзі көрсетіп отырғандай, вейпинг салдарынан фиброз, мутагендік, онкологиялық аурулар туындап, жас балалар созылмалы бронхит ауруларына шалдығады. Сондықтан біз салықты көтереміз, экономиканы жақсартамыз деп, тек оны ойламауымыз қажет. Мәселенің әлеуметтік жағын да ұмытпау керек", - дейді Жаңбыршин.
Депутат қазір вейпингке тыйым салынбаса, алдағы уақытта елдің медицина саласына салмақ түседі деп есептейді.
"Сондықтан бұл мәселені жан-жақты қарауымыз керек, зерттеп, керек болса, тіпті, Қазақстанда вейптерді сатуға тыйым салу қажет. Ертең кішкене ақша жинаймыз деп, жастардың денсаулығына нұқсан келтіреміз. Медицина саласына үлкен салмақ түседі. Алдағы уақытта осы вейпинг мәселесіне нүкте қою қажет", - деді Жаңбыршин.