Инфекционист маман: Коронавирус – интеллектуалдық соғыс
Коронавирустың екінші толқыны әне келеді, міне келеді деп жүргенде, көрші Ресейде вирус жұқтырғандар саны рекордтық деңгейге жетті. Көптеген мамандар «екінші толқын деген осы» деген пікір айта бастады. Демек, екінші толқын есік қағып келіп-ақ қалғандай.
Жалпы, коронавирус пандемиясының екінші кезеңі қалай өтеді, азаматтардың денсаулығына, ел экономикасына қаншалықты әсер етеді деген мәселе төңірегінде де әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Malim.kz тілшісі медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Астана медициналық университеті» балалар инфекциялық аурулар кафедрасының меңгерушісі Динагүл БАЕШЕВАНЫҢ пікірін сұрады.
«Бұл ауруды қалай өткіземіз, ол қалай туады, мұның барлығы өзімізге байланысты мәселе. Мысалы, мен осы коронавирус басталғанда төрт ай бойы осының таралуы қалай болады, қанша адам қайтыс болатыны жайлы айтып келдім. Бірақ, оған құлақ қойған адам жоқ. Қазір де ол жайлы айту керек пе, керек емес пе, білмеймін. Неге десеңіз, халық маңдайына тимей түсінбейді. Айталық, шілде айында өздері ауырған, туыстарын жоғалтқан адамдар түсінеді. Ал, басына тимеген адамдар әлі күнге дейін немқұрайды қарайды. Әлі күнге дейін той жасайды. «Ұшақ ұшып өтті, ол вирус шашып жүр», деген дақпыртқа сенеді. Міне, біздің ұғымымыз қай деңгейде! Анығында, адамдар бір біріне жұқтырып жатыр. Ол қанаты бар вирус емес қой, кімге ұшып барғысы келеді, соған бара салатын. Біз міне, бір біріміздің қасымызда, ара қашықтық сақтамай тұра қалып, түкіргенде, түшкіргенде, сөйлегенде екінші адамның аузына, көзіне, денесіне жеткіземіз. Осылай таралып жатыр. Бұлай жалғаса берсе, екінші толқын да қиын болады», - дейді доктор.
Баешованың айтуынша, жұқпалы ауруды ауыздықтаудың ең негізгі жолы – темірдей тәртіп. Оның мысалы ретінде үш ел – Оңтүстік Корея, Сингапур, Қытайды атады. Қазір бұл елде ауру таралу тоқтаған. Өйткені:
«Ара қашықтық – 1,5-2 метр төңірегінде сақталады, әрқайсысының бетінде маска. Соны нақты орындаса, онда ол тарай алмайды. Ал, бізде қалай? Мен мысалы, міне, әуежайда отырмын, жұрттың көбінің маскасы аузында ғана. А біз ауызбен емес, мұрынмен демаламыз ғой? Оған айырмашылық жоқ, ауызбен кіре ме, мұрынмен кіре ме. Адамдар бір бірімен иін тіресіп, тура жабысып тұр. Бұдан кейін қандай қауіпсіздік туралы айтуға болады?» - дейді ол.
Доктордың айтуынша екінші толқын қалай да болады. Өйткені, бірінші толқын әлемді түгел шарпыды, екінші толқын да солай. Ол келеді, келмейді деген мәселені енді талқылай берудің қажеті жоқ.
«Қазіргі біздің жауапкершілікті сезінуіміз бен қауіпсіздік шараларын сақтауымыз нені білдіреді? Басқа елдерге келген екінші толқын бізге де келеді деген сөз. Оны айту үшін ешқандай көріпкелдіктің қажеті жоқ, жай ғана адамда ми болса жетеді. Бұл өте қарапайым мәселе».
Екінші толқын келеді делік. Бұған ел жеке бас қауіпсіздігі тұрғысынан дайын емес дейік. Үкімет соны болдырмау үшін қандай шаралар қабылдап жатыр? Бірінші кезеңдегідей дәрі-дәрмек, ауруханалардағы төсек-орын, құрал-жабдық, қыл аяғы маска мен арнайы киімдердің жетіспеушілігі болмай ма? Доктор бұл мәселенің үкіметке үлкен күш түсіретінін айтады. Өйткені, қазіргі жағдайда екінші толқын біріншіден де қатты болуы мүмкін деп болжауға болады.
«Егер, ауырған адамның саны көп болса, онда, қандай мықты үкімет болсын, оның күші жетпей қалады. Мысалы, бір аурухана 300 адам қабылдауға дайын делік, бірақ, оған 3000 адам келіп түскен жағдайда не болады? Басқасын былай қойғанда, сіз үш күннің ішінде дәрігер дайындап шыға аласыз ба? Үш жыл ішінде де дайындай алмайсыз. Демек, қандай тамаша сарай салып берсеңіз де, оның ішінде жақсы дәрігер болмаса, ешкімнің күші жетпейді. Нашар жағдайда түскен адам ішіне кіреді де, сол жерде өліп қалады».
Ал, сол жағдайға жеткізбеу үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр деген сұраққа, бар мәселе әр адамның жеке жауапкершілігіне байланысты екенін айтып, жауап берді.
«Әр адам өзі жаупты деп ойлаймын. Сіздің қауіпсіздігіңізді көршіңіз немесе жұмыстағы бастығыңыз қамтамасыз ете алмайды. Міне, тұр ғой адамдар, қайсы біріне барып, бұлай істеме, былай істе деп айтып жүреді? Коронавирус – интеллектуалдық соғыс. Әр адам өз миымен жету керек, қолдану керек. Ал, біз оны қолдана алмасақ, қырыламыз да қаламыз. Бірінші толқында қырылдық қой, тағы да сөйтіп бір қырылып аламыз. Қараңыз, екінші толқын бүкіл жерде күшті жүріп жатыр. Міне, Ресейдің өзі бірінші толқынды жеңіл өттік деп жатыр, бірақ, жеңіл өткен түгі жоқ. Онда да талай адам ауырып, талай адам өліп кетті. Ад, қазіргі өтіп жатқан кезеңі өте қатты жүріп жатыр. Жалғыз Ресейде емес, бүкіл әлемде солай болып жатыр, болады. Бұл нені білдіреді? Вирустың жаңа штаммы пайда болды деген сөз.
Жаман айтпай жақсы жоқ, ешкімге, ешқандай дайындыққа сенуге болмайды. Өзің қауіпсіздік сақтамасаң, жағдай бақылаудан шығып кетеді. Ондай жағдайда сізге ешкім көмектесе алмайды», - дейді доктор Баешева.