«Маңғыстауда мал қырылып жатқанда, Шымкентте пайда тауып жата алмадым»

Елнұр Бақытқызы

  • 06.07.2021

Маңғыстауда қуаңшылықтан мал қырылып жатқанын естіп-білген Шымкент қаласының 24 жастағы тұрғыны Құрмет Талапқазы Сарыағаш ауданында шөп ору науқанын бастады. Құрмет Талапқазының малды құтқарып қалу үшін қазақстандықтарды шөп жинау асарына шақырған видеосы әлеуметтік желіде тез тарап, оған бір аптаның ішінде жүз шақты жігіт қосылған. Әзірге Құрмет Талапқазы бастаған азаматтар шөпті қолмен орып, халықтан жиналған ақшаға вагон жалдап, Маңғыстауға өз күшімен жөнелтіп жатыр. Құрмет Талапқазы malim.kz-ке шөп ору асарын неліктен бастағанын, оның қалай жүріп жатқаны мен қандай қиындықтарға тап болғаны жайлы әңгімелеп берді.

 «Ауызбен орақ орғанша, тірлік істейін дедім»

Бұған дейін зауытта, құрылыста істедім. Соңғы бір-екі ай көлемінде қымыз саудасын жасадым. Қазығұрт қымызын Шымкент, Қызылорда, Түркістан, Семей мен Алматыға саттым. Сол уақытта батыста қырылып жатқан мал түлікті көрдім де, қатты күйзеліске түстім. Өйткені жылқымінезді халықпыз, жылқы – жесек етіміз, отырар көлігіміз, ішер сусынымыз. Сөйтіп, қымыз саудасынан пайда тапсам, батыс Қазақстанға 3 тонна қымыз, 3 мың орам шөп жіберемін деп ұйғардым. Кейін қарасам, бұл жас баланың ойы екен. Өйткені 3 мың орам шөпті қай малдың аузынан табасың? Содан қырылып жатқан мал түліктеріне ел болып көмектессек деген ойға келдім. Ауызбен орақ орғанша, тірлік істейін,  қырылып жатқан мал түліктеріне пайдам тисін дедім. Сөйтіп, оңтүстік аудандардың қайсысында шөп орған дұрыс деп, аймақты аралап шықтым. Түркістанға барамын ба, Түлкібасқа барамын ба деп ойлап, ақыры Сарыағашқа барамын деп шештім. Өйткені Сарыағаш ауданы егістіктікпен айналысатындықтан, шөп қалың өседі. Қамысек деген шөп пен оған ұқсайтын қияқшөп деген шөп бар екен. Арасына жоңышқа араластыруға болады. Сөйтіп, өзім шөп орып жатқанымды видеоға түсіріп, жігіттерді асарға шақырдым. Екі-үш күннен кейін «Оңтүстік Қазақстан газеті», әкімшіліктен 15 адам келіп, шөп оруды бастап кеттік. Әр жерден «көмектессек» деген ел-жұрт хабарласа бастады. Тіпті Қырғызстаннан қырғыз бауырлар, Ресейден шешен бауырлар хабарласып жатыр. «Шөппен, ақшалай көмектесеміз» деді.

«17 гектар жердің шөбін орып біттік»

Жетісай, Мақтааралдан 300-500 жігіт асарға келді, ақша жинады. Қазір 100 шақты жігіт шөп оруға атсалысып жатыр. Он гектар жерде темір-терсек жатыр екен, соны жинатып, шөпті орғызып жатыр.

Күніне мың адам хабарласады. Өткенде қазақ-өзбек шекарасындағы сарбаздар атынан бірнеше сарбаз келіп кетті. Су әкеп берді, көмектесуге ниетті екенін айтты.

Қазір 17 гектар жердің шөбін орып біттік. Шамамен 40 мың орам шөп жиналды деп есептейміз.

Шөпті жеткізу үшін билік көмегі керек

Билік тарапынан көмек мүлде жоқ деуге келмейді. Сарыағаш ауданының әкімшілігі бастапқы күндері су әкеп берді, көмекке адамдар жіберді. Алайда үлкен көмек әлі жоқ. Шөкеев мырза көмектеседі деген үміттенеміз.

Жинаған шөпті жеткізу қиын болып тұр. «КамАЗ-бен» Маңғыстауға барып келу құны 800 мың теңге. Содан теміржол тасымалы дұрыс шығар деп шештік. Бес вагонды жалға алдық. Бір вагонға 1200-1500 шөп орамы сыяды. Теміржол басқармасы бастапқыда бір вагонды 610 мың теңгеге жалға береміз деді, біз оның ақысын 380 мың теңгеге түсірдік. Бүгін Маңғыстауға 6 вагон шөп тиеп жібереміз. Шөпті таратуға жауапты адамдар бірге барады. Бейнеуге бір, Шетпеге бір, Ақтауға бір, Жетібайға бір, Жаңаөзенге бір вагон шөп жібереміз. Тағы бір вагонды қуаңшылық қатты қысып, мал қырылып жатқан тағы бір ауданға жібереміз. Үш күн сайын осылай шөп тиелген вагондарды жіберіп тұрамыз.

Теміржол тасымалын жолға қою үшін әкімдік көмегі керек. Шөп жинап қойғанда, 5-6 вагонды бізге дереу жіберіп, біз оған шөп басып, ол бірден Маңғыстауға жөнелтілсе, ұтар едік.

Әзірге халық 1,6 миллион теңге жинап берді. Бұл ақшаны күнделікті су алуға, вагондар жалдауға, шөпті жөнелтуге жұмсап жатырмыз.

«Шөпті қолмен орып жатырмыз, техника жоқ деуге болады»

Тау беткейлеріндегі шөпті қолмен орамыз. Ал жазық жердегі шөпті машинамен ормасақ, уақыт жоғалтамыз. Сондықтан әкімшілік пен орман тоғай шаруашылығы бізге ору аппараттарын берсе, шаруа жеңілдер еді. Өткенде өз ақшама бензинмен жүретін қол ара сатып алдым. Шөпті қол орақпен, бензинмен жүретін орақпен орып жатырмыз. Бірақ техника жоқ деуге болады.

Біз әзірге Түркістан, Шымкент, Сарыағаш жолындағы, Қазығұрт, Созақ, Қаратау таулы беткейіндегі шөпті орамыз. Егер әкімдік ору аппараттары, көлік, техника берсе, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстанға барып, белуардан келетін шөпті қар түскенше орсам деймін.

Жазғы демалысқа шыққан студенттер, бейжай қарамайтын азаматтар бізге көмекке келсе, апаттың алдын ала аламыз. Қазір аз адаммен шөп орып жинап жатқандықтан, шаршап қалып жатырмыз. Бірақ көп болып істесек, бұл шаруаны шаршамай-ақ бітірер едік. Егер көп болып бірікпесек, мал түлік қырылады, еттің бағасы өседі.

Кезінде Совет одағында ел ағалары  талай бірігіп жұмыс істеді, талай еңбек күшін сарп еттік. Енді тәуелсіздік кезінде өз басымызға төніп тұрған апаттың алдын алмасақ, қиын болайын деп тұр. Сондықтан барлық азамат, пен азаматшадан осы асарға қосылуды сұраймын.

«Далада түнеген кез болды»

1,6 миллион теңгені бізге халық жинап берді. «Жүріп-тұруға, суға ақща керек» деп ел ағалары ақша аударып жатыр. Шот пен халықтан жиналған ақшаның есеп-қисабын жүргізуді Сайлаубай қажыға тапсырдық. Бұл елдің аманаты, жылқылардың аман қалуы үшін жиналып жатқан ақша болғандықтан, оған қиянат жүрмейді.  Есебі беріледі.

Жатын орынға ақша жұмсамайын деп далада, тоғайда түнеген кездер болды. Қазір Сарыағашта тойханасы бар кәсіпкер бізге кеңсе мен жатын орын әзірледі.

Бастапқыда әкімдік су, ет әкеп берді. Жөл-жөнекей полицейлер мен туысқандар су, ас беріп жүрді. Арамызда жастар орталығынан келген балалар, әкімшілік жіберіп жатқан жұмысшылар бар. Жиналған ақшаға су, нан аламыз, қарбыз жейміз. Арасында самса, балық алып, бірдеңені талғажау етеміз.

«Маған атақ та, билік те керек емес»

Кей кісілер алғысын айтып, «депутаттарға қарағанда біраз шаруа бітірдің.  Депутат қылып сайлаймын» деп жатыр. Алайда маған атақ та, билік  те керек емес. Халқыма бір тамшы пайдамды тигізіп, әрекет етіп жүре берсем болды.

Егер қандай да бір орден беріліп, мақтау айтылса,  бұл тірлігімді міндет еткендей болып қаламын. Маған ондай нәрсе керек емес. Жер ақысын, ел ақысын өтеп жатырмын.

 

Байланысты жаналықтар

Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

24.03.2024

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

23.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

23.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

23.03.2024
MalimBlocks
Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды