Психолог: Бала сыныптастарының емес, мұғалімінің тарапынан да жиі буллингке ұшырайды

Елімізде қаржылық экспертиза бар да, әлеуметтік экспертиза жоқ

Олжас Қасым

  • 06.05.2022

                    Бала құқығы қылмыс жасалғанда ғана қорғалады

Президент Тоқаев биылғы жылды балалар жылы деп жариялады. «Өскелең ұрпақтың болашағына мән беремін», деген ол «Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек», - деді.

Қазақстандық балаларды жіті назарға алып, қамқорлық танытып жатырмыз дегенмен, көңіл көншітерлік көрсеткіш байқалмайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегінше Қазақстан суицидтен  әлем бойынша үшінші, ал Орта Азия елдерінің ішінде алғашқы орында тұр. 

ЮНИСЕФ зерттеуіне сүйенсек, еліміздегі 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдерде суицид деңгейі әлем бойынша ең жоғары. Қазақстан дүние жүзінде жасөспірім қыздар арасындағы суицидтен 1-орында, жасөспірім ұлдар арасында Ресейден кейінгі 2-орында.

Қазақстандағы жастар арасындағы суицидтің осыншама жоғары болуының артында бірнеше фактор бар. Оған бірден-бір себеп балалар арасындағы буллинг, яғни, әлімжеттік. Мұндай келеңсіз жайттар жер-жерде күн сайын болып жатқаны жасырын емес. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне назар салсақ, елімізде 11-15 жастағы әрбір бесінші бала  буллингтің құрбаны немесе қатысушы болады. Мұндай статистика әзірше көбеймесе азаймай тұр.  Malim.kz тілшісі осы проблеманы жекелеген отбасында болып жатқан жағдай арқылы саралап көруге тырысты.

Алматы қаласында тұратын Гүлайым (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді) бес баланың анасы.  Ұл-қыздарын асырау үшін ол бірнеше жерде жұмыс істейді. Ал күйеуі  басқа қалаға қатынап еңбек етеді. Қара жұмысқа жегілген ана ұл-қызына жеткілікті көңіл бөле алмаған. Салдарынан 6-сыныпта оқитын баласы буллингке ұшырап, сыныптастарынан жәбір көріпті.     

«Бірнеше жерде жұмыс істегендіктен баламның тәрбиесіне, тіпті тазалығына мән бере алмағаным рас. Таң ата сала жұмысқа кетемін. Балалар сабаққа өздері барып-қайтатын. Кейде үтіктелмеген, жуылмаған  киімді киіп кетеді.  Ұлымның үсті-басы таза болмағандықтан сыныптастары кемсітіп, мазақтап, шеттетуге дейін барған. Балам  ақырында өз өзіне қол жұмсамақ болғанда барып мәселенің ушыққанын білдім», - дейді ол.  

Жапа шеккен бала және оның анасымен  психолог  Фариза Серікқызы оңалту жұмысын жүргізген. Мәселені індете зерттей келе ол  оқушының бір емес, бірнеше ай бойы буллинг көргеніне көзі жетіпті. Жәбірленуші  тек қана сыныптастарының емес, мұғалімінің тарапынан да бопсалауға ұшырағанын анықтап отыр. Маман баланың күйзеліске түсіп, буллингке тап болуын ата-анасының оған жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмеуімен байланыстырады.     

«Баламен және анасымен жұмыс істеу барысында екеуінің арасында эмоциялық байланыстың жоқтығы, қарым қатынас деңгейінің төмен екендігі анықталды.  Бала бір емес, бірнеше мәрте мән-жайды айтуға тырысып баққан. Бірақ әдеттегідей анасының қолы тимегендіктен баланың бетінен қағып тастап отырған.  Ең жақын адамынан қолдау таппай сенімсіз күй кешкен ұл күйзеліске түскен. Сыныпта бір-ақ досы бар екен. Ол досының өзі ақыр соңында арасын алшақтатқан соң  депрессиялық күйге түседі. Арада эмоциялық байланыс, қарым қатынас болса мән-жайды әп сәтте байқауға болар еді. Бұл жерде отбасының, ата-ананың кемшілігі бар».

Психолог Фариза Серікқызы осындай қорытынды шығарады.

    Психологтың кім екенін білмейтін оқушылар мен ата-аналар бар

Өкінішке қарай, буллингтің алдын алуда мектеп психологтарының жұмысы ақсап тұр. Бұл мәселені елдің ішінде жүрген кәсіби психологтар да растап отыр. Психолог Балабек Сақтағанов қазір әрбір мектепте бір емес, екі-үш психолог жұмыс істейтінін айтады. Бірақ ата-ана мен бала мектеп психологына жүгіне бермейді.

                                 

Психолог Балабек Сақтағанов 

«Әлі күнге дейін психолог маманының кім екенін білмейтін оқушы мен ата-ана бар. Өйткені, көпшілік психолог ақыл-есі дұрыс емес адамдармен жұмыс істейді деген пікірді ұстанады. Психолог кабинетінен шықса, оның әр баламен жеке жұмыс істеуге физикалық мүмкіндігі жетпеуі мүмкін. Бірақ әрбір жиналысқа қатысып, әр сыныпқа кіріп, аралап, тек қана сауалнама жүргізумен түк бітпейді. Түптеп келгенде, оқушы санасында психолог маманның кім екендігі туралы ақпарат қалыптаспаған болса – барлығы бекер. Маман мектепті аралап жүріп, шаршамай түсіндіріп, әр оқушы мен ата-ананың санасына жететін ақпарат берсе оқыс  жағдай туғанда ойланбастан психологқа бара алатындай еді», - дейді Б.Сақтағанов.       

Қазақстанда әлеуметтік бағалаулар есеп беру үшін ғана жүргізіледі

 

                           Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова 

Социолог Айсұлу Молдабекова біздің қоғамда әлі де болса бала құқығы толығымен қорғалмайды деген пікірде. Шындығы – бала құқығы белгілі бір қылмыс орын алып, жағдай ушыққан кезде ғана қорғалады. Ал оған дейінгі профилактикалық жұмыстар, алдын алу шаралары көрінбейді. Көбіне себеп-салдармен күресеміз.  

«Осы бағытта үкіметтік емес ұйымдармен жасалатын түрлі қоғамдық жұмыс, жобалардың бізде тиімділігі бағаланбайды. Impact evolution деген зерттеу бағыты бар. Бірақ оны біздің елде қолданбайды. Мысалы бағалау жұмыстары Еуропада, Америкада кез келген әлеуметтік бағыттағы жобалардың тиімділігін анықтауға қолданады. Бөлінген қаражаттың 10,20 пайызына дейін осы бағыттағы нақты зерттеуге бөлінеді. Бір жылы ол зерттеуге қатысқандардың тиімділігін өлшейді де, келесі жылы сондай бағытта қаржыландыру қажет пе немесе нақты қай жұмыстарды қаржыландыру керек, соның тиімділігін бағамдайды. Бізде өкінішке қарай  осы сынды бағалау, зерттеулер атымен жоқ. Қазақстанда әлеуметтік бағалаулар есеп беру үшін жүргізіліп, сандармен ғана көрсетіледі. Мысалы бала құқығын қорғау бойынша атқарылатын жұмыстарға қатысқан балалар мен оған қатыспағандар арасындағы айырмашылық нақты өлшенуі қажет. Алайда,  елімізде қаржылық экспертиза бар да, әлеуметтік экспертиза жоқ».

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов  2019 жылы кибермәдениеттіқалыптастырумәселелерін 100% шешеміз, буллинг пен суицидтің алдын алудың бірыңғай бағдарламасын енгіземіз деп уәде берген. Алайда нәтиже болмағандықтан, өз өзіне қол салып, мерт болып жатқан балалар аз емес. Дәл сол жылы Ақтөбеде 8-сынып оқушысы суицид жасады. Батыс Қазақстанда 11 жастағы бала өзін өлімге қиды. Жақында Ақмолаоблысындажоғарысыныпоқушыларыныңтөменгісыныптағыбаланыжыныстық бопсалауға ұшыратқанын Malim.kz жазды. Осы сынды орны толмас жайттар жиі тіркеліп жатыр. Содан бері үш жыл өтті. Енді Аймағамбетов биыл балалардың әл-ауқат индексін енгіземіз деп шықты. Жоспар бар бірақ, нақты жұмыс жасалмай отыр. 

Бұдан түйгеніміз, мамандардың пікірі бір жерден шығып отыр. Әлімжеттіктің түпкі себебі  отбасы мүшелерінің әлеуметтік статусына байланысты.  Баланың әке-шешесі отбасын материалдық тұрғыда қамтамасыз ете алмаса олар  психологиялық кемістікке бой алдыруы береді. Біздің қоғамда, әсіресе балалар бір-бірін материалдық жағдайға қарап бағалайды. Біреудің  киіміне, ойыншығына, затына, жеке басына байланысты қарым-қатынас жасайды. Материалдық тұрғыда кемсіту біздің қоғамның үлкен кемшілігі. Жаңа Қазақстандағы балалар жылы балғындардың өзін тәтті сөзбен тойындыра бермей, миллиондаған отбасының әлеуметтік жағдайын түзеуден басталуы керек еді. Әзірше, алаулатқан, жалаулатқан мерекелік іс-шаралардан көз аша алмай отырмыз.  

Фотолар ашық дереккөздерден алынды  

 

 

Байланысты жаналықтар

Тоқаев Макронның шақыруымен Францияға барады

31.10.2024

Қазақстан мен Моңғолия Президенттері екіжақты жобаларды жүзеге асыруға келісті

29.10.2024

Қазақстанда 12 мыңға жуық адам ұлтын ауыстырған

28.10.2024

Шорт-тректен Әлем кубогінде ел құрамасы Kazakh Nomads атауымен шықты

26.10.2024

Францияның әскери оркестрі алғаш рет Қазақстанның әнұрын орындады

25.10.2024

Қазақстан әскері Орталық Азиядағы үздік армия атанды

25.10.2024
MalimBlocks
Тоқаев Макронның шақыруымен Францияға барады

Қазақстан мен Моңғолия Президенттері екіжақты жобаларды жүзеге асыруға келісті

Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанды Моңғолияның маңызды серіктесі, сондай-ақ Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын көпір екенін атап өтті

Қазақстанда 12 мыңға жуық адам ұлтын ауыстырған

Шорт-тректен Әлем кубогінде ел құрамасы Kazakh Nomads атауымен шықты

Жарыс биылдан бастап жаңа форматта ұйымдастырып жатыр

Францияның әскери оркестрі алғаш рет Қазақстанның әнұрын орындады

Париждің басты көрікті жерінде алғаш рет Мемлекеттік ту да көтерілді

Қазақстан әскері Орталық Азиядағы үздік армия атанды

Еліміздің қарулы күштері 145 мемлекеттің ішінде 58-орынға жайғасқан