«Қаңтар оқиғасы» кезінде таразы басында Тәуелсіздігіміз тұрды
Ерлан ҚАРИН:
Өткен айда бір топ қазақтілді сайттардың бас редакторлары бірігіп «Qazaq media Association» қауымдастығын құрды. Осы ұйымның жұмысы мен алдағы жоспарларын таныстыру мақсатында бірнеше БАҚ өкілдері ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қаринмен кездескен болатын. Кездесуден кейін журналистер мен Мемлекеттік хатшы арасында қоғамдағы бірқатар мәселе бойынша әңгіме өрбіді. «Оқырмандарымызға қызықты ғой деген» оймен сол пікір алмасудың бір парасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Е.Қарин 2 қаңтарда бейбіт шерумен басталған наразылық акциялары 4 қаңтарда экстремисттер мен бұзақылардың араласуымен жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты, осы кезде билік тарапынан «бұрын болмаған деңгейде қажетті ақпарат, түсініктемелер беріліп отырды» дейді. Сол күндерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де «қиын, күрделі сұрақтарды айналып өтпей, мүмкіндігінше ашық жауап бергенін», одан кейін де билік тарапынан белсенді ақпараттық саясат жүргізіп жатқанын айтты.
Журналистер мемлекеттік хатшыдан Маңғыстаудағы жұртпен кездесуге барып-қайтқан адам ретінде, Қаңтар оқиғасындағы террористік актілерге байланысты биліктің аргументтерін сұрады.
«Бірінші толқында көшеге шыққан азаматтар мен полиция арасында ешқандай қақтығыс болған жоқ. Ең алдымен осының басын ашып алу керек. Маңғыстауда да, Алматыда да солай болды. Мысалы, Маңғыстауда бейбіт шеруге шыққандар арандатушылыққа жол бермеді. Сәйкесінше ешқандай қақтығыс болмады. Ал Алматыда өкінішке орай жағдай басқа бағытқа өрбіп кетті. Яғни, наразылықтың екінші, үшінші толқынында көшеде әртүрлі жастар тобы пайда болды. Олардың арасында саяси экстремистер, қылмыстық топтар еніп кетті. Олар түрлі ұрандар тастап, бейбіт наразылықты радикалды бағытқа қарай бұрып жіберді. Осыдан кейін ашық қақтығыстар орын ала бастады. Ары қарайғы жағдайдың қалай өрбігенін білесіздер, саяси экстремизм, радикалды және қылмыстық топтар араласып кетті», – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік хатшы билік батыл шешімдер қабылдамағанда, төртінші, бесінші толқын да орын алар еді дегенді айтады. Шетелдік экстремистік топ өкілдері жиһад басталғанын мәлімдеп, астыртын жұмыс істей бастаған. «Сол күндерде Қазақстанның елдігі, тәуелсіздігі таразы басында тұрды», – дейді ол. Сондай-ақ, Қаңтар қасіретін зерттеген шетелдік мамандар да елге келіп, оқиға жайындағы ойымен бөлісіпті. Шетелдік сарапшылардың біздің мамандар сияқты кабинетте отырып емес, аяғымен жүріп жұмыс істейтін «полевиктер» екенін, әр оқиғаны көзбен көріп, қолмен ұстап зерттейтінін айтқан Ерлан Қарин «Қаңтар оқиғасы» кезіндегі радикалдарды тұлғалардың әрекетіне тоқталды. «Бас прокуратура 3338 қару-жарақ жоғалғанын айтты. Соның 2400-і әлі табылған жоқ. 2400-дің 1300-і – аңшы мылтығы, қалғаны соғыс қарулары – 200 Калашников автоматы, 28 гранатомет, жүздеген тапанша, 68 мың оқ-дәрі. Бейбіт шеруге шыққан азаматтар құқық қорғау органдарының ғимаратына не үшін шабуыл жасайды? Оларға осыншама қару-жарақ не үшін керек? Соның бәрін бір адам көтеріп кеткен жоқ қой, демек, бұның артында ұйымдасқан қылмыстық топтар тұр».
Қаңтар оқиғасында қаза болғандардың тізімі неге жарияланбай жатыр? Журналистер тарапынан қойылған бұл сұраққа Мемлекеттік хатшы «оған негізінен құқық қорғау органдары жауап береді» деді. Өзінде бар мәліметтерге орай, құқық қорғау органдары қаза болған азаматтардың мәйіттерін көшеден ғана емес, сонымен қатар ауруханалар мен мәйітханалардан тапқанын, олардың қай жерде және қандай жағдайда қаза болғанын анықтау үшін ұзақ жұмыс істеп жатқандарын алға тартты. Яғни, осының бәрін анықталуы тиіс.
16 наурызда Президент арнайы Жолдау жасайды. Мемлекеттік хатшы бұл Жолдауда қоғам күткен ғана емес, тіпті, күтпеген жаңа тың бастамалар болуы мүмкін деп отыр.
Кездесуде сөз болған тағы бір мәселе – Ресей ЖОО-лары және «Болашақ» бағдарламасы. Санкциялар легінен кейін Ресей экономикасының шатқаяқтайтынын және алдағы уақытта қалыпқа келуі қиын екенін экономистер қазірдің өзінде айтып отыр. Осындай жағдайда Тоқаевтың «Болашақ» туралы шешімі қайта қарала ма деген сұраққа:
«Мен жақында «Болашақ» комиссиясының отырысын өткіздім. Президенттің айтып отырғаны техникалық бағыттарға басымдық беру. Бұған дейінгі «Болашақ» түлектерінің 60 пайыздан астамы гуманитарлық бағытта білім алып келген. Енді керісінше инженерлік-техникалық мамандықтарға ден қоямыз. Өйткені ел экономикасын әртараптандыру үшін соған сай мамандар дайындауымыз керек. «Болашақтың» ережесі бойынша талапкер тізімде көрсетілген 200-ге жуық әлемдік рейтингтегі жоғары тұрған университеттің кез келгеніне тапсыруға құқылы. Яғни, бұл жерде біз белгілі бір елге басымдық бермейміз, үздік университеттерді таңдаймыз. Олардың әлемдік рейтингіне мән береміз», – деп жауап берді.
Кездесу барысында Мемлекеттік хатшының өкілеттілігі қаншалықты кеңейді деген мәселе де сөз болды. Ол «Мемлекеттік хатшының өкілеттілігі кеңеймегенін, қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты жұмысының көбейгенін және тек Мемлекеттік хатшының ғана емес, бүкіл елдегі мемлекеттік қызметкерлердің міндеттерінің артқанын» айтады. Өйткені Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Соған сәйкес, міндет те көбейді.