Қазақстан халқы 20 миллионға жетті
Бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделетін және бұл көп уақытты қажет ететін
Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті! Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды.
Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар. Бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделетін және бұл көп уақытты қажет ететін. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы бұл процесті жеделдетуге және 20 миллионыншы азаматтың туған күнін жоғары дәлдікпен әрі қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік берді.
Еске сала кетейік, 1991 жылы Қазақстанның халық саны 16,4 млн адам болды. Тәуелсіздік жылдарында ел тұрғындарының өсімі 22,3%-ке жетті. Мысалы, 2022 жылы 1991 жылмен салыстырғанда туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7%-ке артқан.
«Бала туудың ең жоғары көрсеткіші 2021 жылы тіркелген еді. 446 мың бала дүние есігін ашты. Бұл табиғи өсімнің артуы, оның ішінде нәресте өлімі азаюының нәтижесі. Жалпы өлім-жітім 1991 жылғы 8,20-дан 2022 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 6,8 адамға дейін кеміді. Сәбилер өлімінің коэффициенті 3,5-тен астам есе төмендеді, 1991 жылғы 27,3 жағдайдан 2022 жылы дүниеге келген 1000 адамға шаққанда 7,7 жағдайға дейін.
Халықтың 1000 адамға шаққандағы туу көрсеткішін көрсететін жалпы туу коэффициенті егемендік жылдарында 1991 жылғы 21,6-дан 2021 жылы 23,6-ға дейін жоғарылапты. 2022 жылы бұл көрсеткіш 20,7 болды. Ең маңызды демографиялық көрсеткіш саналатын туудың жиынтық коэффициенті 1991 жылғы 2,7-ден 1999 жылы 1,8-ге дейін төмендеді. Кейіннен оның біртіндеп өскені байқалды. 2022 жылы туудың жалпы коэффициенті 1 әйелге 3,05 бала болды». Ұлттық статистика бюросы осындай статистика ұсынып отыр.
Биылғы бірінші шілдедегі жағдай бойынша, бала туу көрсеткіші жөнінен Маңғыстау облысы көш бастап тұр. Түркістан облысы екінші қатардаа, ал үздік үштікті Шымкент қаласы түйіндейді. Өкінішке қарай, өлім-жітім Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында көп байқалып отыр.
Сондай-ақ бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттық қор – балаларға» заңына қол қойды. Келесі жылдан бастап балалар Ұлттық қордан өз үлесін алады. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-і балалардың арнайы жинақтаушы шотына 18 жасқа толғанға дейін аударылады.
Келер жылдан бастап көп балалы және кішкентай балалары бар отбасылар қанша теңге жәрдемақы алатыны белгілі болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, бірінші, екінші және үшінші баланың тууына 131 100 теңге, төртінші және одан да көп балаға 217 350 теңге төленбек.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыс істемейтін ата-анаға арналған жәрдемақылар мөлшері мынадай. 2023 жылдан баста бірінші балаға 19 872 теңге, екінші балаға 23 495 теңге, үшінші балаға 27 083 теңге, төртінші және одан да көп балаға 30 705 теңге бөлінеді. Көп баалалы отбасыларға арналған жәрдемақыға тоқталсақ. Келесі жылы төрт балаға 55 304 теңге, бес балаға 69 138 теңге, алты балаға 82 973 теңге, жеті балаға 96 807 теңге, сегіз және одан да көп баланың әрқайсысына 13 800 теңге тағайындалады.