Қазақстанда жыл сайын 600 мың адам жүрек ауруларына шалдығады
6 шілде – Дүниежүзілік кардиология күні.

Бүгін Кардиология күні. 2000 жылдан бері Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен 6 шілде Кардиология күні болып аталып келеді. Бұл күн өзіміз байқамайтын жүректің соғысына назар аударуға арналған. Ал жүрек соғысы жер бетіндегі әрбір адамды алаңдататын жағдайға жеткен. Себебі, қалай айтсақ та, бүгінгі адам қым-қуат тірліктің соңында жүріп немесе жағадайы тамаша болса да салауатты өмір салтын ұстанбай, жүрекке салмақ түсірумен жүр. Алматылық жүрек дәрігері Дәурен Назарбектің айтуынша, егер сізде қатты терлеу, тез салмақ қосу немесе арықтау, кеуде тұсының ауырсынуы, бас айналу, жүректің қатты соғу белгілері болса, онда бірден дәрігерге көріну керек. Сондай-ақ, дәрігердің сөзінше, адам жүрегі көп жағдайда жаз мезгілінде сыр береді екен. Оған себеп, әлбетте тұрғындардың өздерін күн ыстықта дұрыс күтпеуі, демалыс кезінде асыра ішімдік ішу, темекі шегу, дұрыс ұйықтамау дегендей себептер әсер етеді.
Дегенмен, Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын үнемі таратып отыратын хабарламаларға қарағанда, жүрек қағысының бұзылуына бола қатты қайғыруға болмайды. Өйткені, егер адам дер кезінде медициналық тексеруден өтіп, өзіне өзі қараса онда жүрек пен қан тамырлары ауруларының 90 пайызы оп-оңай жазылып кетеді. Яғни, жүректі емдеуге, ота жасауға Қазақстан дәрігерлерінің біліктілігі де, білімі де, қолдарындағы заманауи технологиясы да жетеді. Деректерге қарағанда, жыл сайын Қазақстанда 600 мың пациентте қан айналымы жүйесінің ауруларына қатысты диагноз қойылады. Ал осы дерттен 40 мың адам қайтыс болады екен. Осы 40 мың науқас көп жағдайда дер кезінде медициналық тексеруден өтпей, дәрігерге қаралмай, ауруларын асқындырып алады екен.
Әйтпесе, жоғарыда айтқандай, еліміздегі медициналық ұйымдардың қауқары 1990-шы жылдардағыдан әлде қайда жақсы. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде барлығы 57 медициналық ұйымда кардиологиялық, кардиохирургиялық және интервенциялық кардиологиялық көмек көрсетіледі, онда 848 кардиохирургиялық төсек және 3 800 кардиологиялық төсек орналастырылған.
Ал қан айналым жүйесі ауруларының скринингі бойынша 2023 жылдың 1 тоқсанында 30 859 пациент қаралса, 1 132 пациентте ҚЖА анықталды, 987 пациент диспансерлік есепке алынған. 2023 жылдың 1 тоқсанында қан айналым жүйесі аурулары бар 92 мыңнан астам пациент емделген. Әлбетте, ауыра қалғанда емдейтін дәрігер мен қажетті медициналық жабдықтары толы аурухананың болғаны дұрыс. Бірақ, ең дұрысы ауырмай, жалғыз жүректі күтіп ұстаған абзал. Ол үшін жүрекке салмақ түсірмеңіз. Ұйқыңызды қадағалаңыз. Артық салмаққа үйір болмай, ширақ қимылдаңыз. Арақ-шарап пен темекіден мүлдем бас тартыңыз. Сонда, жүрегіңіз сізді мазаламайды.