Құтқару қызметін неліктен дәл иттер атқарады?
Қазақстандағы құтқару қызметінде тауда немесе басқа апаттар кезінде жоғалған адамдарды іздеу үшін арнайы жасақ бар. Ол кинология бөлімі. Адам өмірін аман алып қалатын жануарларды қызметке дайындау туралы оқи отырыңыз.
Алматы қаласы Ішкі істер басқармасында қызмет етіп, зейнетке шыққаннан кейін құтқару қызметіне ауысқан құтқарушы Дәулет Тергеусізов кинологтардың қызметі жайлы айтып берді.
«Иттерді баптап, солармен бірге қызмет жасаймыз. Біздің саламыз жоғалған адамдарға дереу көмектесу. Тауда немесе үйінді астында қалған адамды іздеу жұмыстарына қатысамыз. Ит адамның иісімен іздеп тауып, сол жерге белгілі қоямыз. Қазып, адамды шығару құтқарушылардың жұмысы. Бізде 5 кинолог бар. Әрқайсысында бір-бір иттен бекітілген. Негізі алты итіміз бар. Кезекші бөлімге 24 сағатқа түседі. Әр дүйсенбі мен бейсенбі күндері жиналып иттерді баптаймыз. Иттің тығылып, іздеу қабілетін әр күн сайын тексеріп қоямыз», - дейді ол.
Иттерді мемлекеттік сатып алу арқылы алады. Құтқару қызметі негізінен малинуа (Бельгия овчаркасы) алынады. Себебі олар басқа құтқарушы иттермен мысалы, лабрадор немесе неміс овчаркасымен салыстырғанда қабілетті, шағын әрі жылдам. Иттерді 9 аймен 18 айдың арасында қызметке алады. Таңдау ережелері бойынша жасы, есту, иіс сезу мен ойын қабілеттеріне мән беру керек. Жаңа келген итке 10 иіс беріліп, соның кем дегенде 7-8-ін тапса, ары қарай дайындай беруге болады. иттер жыл сайын аттестациядан өтіп, оқу-жаттығуға қатысады.
«Бізде оқу-жаттығу болған кезде 2 гектар жерге 5 адамды тығып қояды. Соларды іздеп табуға жарты сағат уақыт береді. Жарты сағатта екі адамды тапса орташа, үш адамды тапса жақсы, төрт адамды тапса тамаша деп бағаланады», - дейді ол.
Елімізде әр өңірдегі құтқару қызметтерінде кем дегенде 5 иттен болуы шарт. Олар апта сайын дайындықтан өтіп отырады. Жануарларға арнайы шен беріліп, адал қызметтері үшін медальде тағылады. Құтқару қызметіне күніне 20 шақты қоңырау келіп түссе, соның тең жартысына иттердің көмегі керек болуы мүмкін. Құтқарушылардың сөзінше, кез келген маңызды операцияның сәтті аяқталуы 80 пайыз иттердің еңбегі.
Осы кездесуден кейін біз иттерді қызметке алу тарихы мен олардың табиғи ерекшеліктері туралы зерттеуді жөн көрдік.
Іздеу-құтқару қызметіне иттерді қолдану Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде кең тарады. Ол кезде жау әскері қойып кеткен миналар, өлі денелер арасынан тірі жандарды іздеу жұмыстары осы хайуанның көмегімен жүзеге асырылатын еді. Соғыстан кейінгі жылдары әсіресе Еуропа елдерінде тау шаңғысы спортының дамуы әсерінен спортшылар мен туристердің үлкен толқыны тауға баратын болды. Соның салдарынан көшкін құрбандары мен жоғалып кететін адамдардың саны айтарлықтай өсті. Осыдан кейін Швейцария альпі клубы соғыс кезінде санитарларға көмек көрсеткен сент-бернард текті иттерді көшкін астында қалып қоыған адамдарды іздеу үшін қолдануға шешім қабылдады. Бұл оқиғаның нәтижесі оң болды. Арнайы оқу курсынан өткеннен кейін, алғашқы жылы иттер 10-нан астам адамды құтқарды. Бірнеше жылдан кейін Швейцария альпі клубында жақсы дайындалған иттер саны көбейді.
Іздестіру-құтқару қызметінің иттеріне Англияда арнайы ат беріліп, Search and rescue dog association тобының иттері деп атайтын болды. Бұл иттерді әр елде әртүрлі атайды. Мәселен, сол Англияның маңындағы Шотландияда иттердің іздеу, құтқару, жерлеу және т.б. топтары бар. Алайда осы қызмет иттерінің бірыңғай халықаралық атауы әлі де бекітілген жоқ, және одан да маңыздысы — бағыттаушы мен иттің кәсіби дайындық деңгейін, сондай-ақ олардың "нақты орнын", төтенше жағдай аймағында жұмыс істеу құқықтары мен міндеттерін тексерудің бірыңғай стандарттары да жоқ.
Швейцариядағы иттермен іздеу-құтқару, оларды дайындау, сыныптарға бөлу тәжірибесі көп ұзамай әлемнің басқа елдеріне жайыла бастады. Әр ел ит дайындауды өздерінің географиялық ерекшеліктеріне қарай ыңғайлап алады. Қазіргі уақытта әлемнің барлық елдерінде құтқару қызметі иттерді дайындау жұмысын жасай алады. Және құтқарушы иттер саны жыл санап өсіп келеді.
Құтқару қызметіне иттерді қолдану Қазақстанда және жалпы Кеңес Одағын өткен ғасырдың 70-жылдары бекіді. Қазақстан аумағы географиялық тұрғыдан апаттың кез келген түрі болуы мүмкін аймаққа жатады. Біз де жыл сайын өрт басуы мүмкін ормандар да, қар көшкіні түсетін таулар да, шетімен шегіне жете алмайтын бетпақ дала да, түбі терең өзен-көлдер де жеткілікті. Сондықтан иттерді жаттықтыру аса тиімді жұмыстардың бірі.
1972 жылы КСРО альпинистерінің федерациясы іздеу және құтқару иттерінің қоғамдық қызметін құру туралы шешім қабылдады. Бұл тапсырманы орындау үшін федерация жанынан осы қызметті дамыту жөніндегі комиссия құрылды. Ал 1974 жылы КСРО қызметтік ит өсіру федерациясының көмегімен іздеу-құтқару қызметінде көмек көрсететін иттерді дайындаудың алғашқы бағдарламасы жасалды.
Бұл құтқару қызметіне басқа хайуанды емес, дәл иттерді үйретудің бірнеше себебі бар. Алғашқысы иттер болашақты болжай алады. Егер салыстырмалы түрде адам мен иттің табиғи мүмкіндіктерін қарасақ, жануардың интуициялық сезімталдығы адамнан үш есе жоғары. Олар жер сілкіністерін ғана емес, басқа да табиғи апаттарды болжайды. Дәлірек айтқанда, иттер, басқа жануарлар сияқты, олар өзгеріс ерекше мінез-құлқымен сезінеді және көрсетеді. Олардың әртүрлі табиғат құбылыстарын сезінуі, иістерді ажырата білуі адамнан жүздеген есе көп. Олар адамның есту мүшесі сезе бермейтін дыбыс жиіліктерін сезіне алады.
Иттер өздерінің мінез-құлқымен табиғи апаттарды болжаған бірнеше жағдайды қарастырайық.
Швейцарияда тау етегінде орналасқан ауылда бес шаруа қар көшкіні кезінде ұйықтап қалып, үйінді астында қалады. Оқиға орнына дереу бір итпен екі шекарашы келді. Көп ұзамай табылған шекарашылар төрт адамды қазып алып жатқанда, ит айналасындағы үлкен аумақты өз бетінше тексеріп, қарды қопарып тастап, сол маңнан бесінші адамды тауып алады. Адамдар бір-біріне көмек көрсетіп жатқанда ит жиырылып, басын тік көтеріп, құлағын қалқитып, тынымсыздана бастайды. Бірнеше минуттан кейін аумаққа тағы бір көшкін келе жатқаны белгілі болады.
Ашхабад маңындағы ауылда өрістен келген қойшының үйіне иті басып кіреді де, кітап оқып отырған әйелді шошытып, бесікте жатқан кішкене бүлдіршінді көйлегінен сүйреп, далаға қарай қашады. Ит иесі мен оның әйелі хайуанға ашуланып, оны қуады. Бірақ ол сонда да қайтпай қызы алып шығуға тырысады. Ер адам мылтық алып, далаға иттің артынан шығады. Осы кезде Ашхабад тарихындағы ең үлкен жер сілкінісі басталып, олар отырған үй қирайды.
Иттерде апатқа дейінгі психикалық реакциялардың бірнеше түрі бар. 1- түрі мазасыздық. 2-түрі айналасындағыларға ескерту мақсаты және оларды қауіпсіз жаққа шақыру. Дәл осы 2-түрі басқа бірде-бір жануарда кездеспейтін қасиет. Олар өзіне жақын санайтындардың бәрін құтқару үшін барын салады.
Табиғи апаттар басталғанға дейін жануарлардың мінезіндегі ауытқуларды тудыратын себептерге мыналар жатады: магнит өрістерінің өзгеруі, жаңа параметрлердің инфра-ультрадыбыстардың пайда болуы, жер қыртысынан адамдар мен құрылғылар ұстап алмайтын газдар мен иістердің шығуы, ауа аэрозольдерінің электростатикалық заряды және т.б. .
«Адамның бойындағы қасиеттердің барлығы жануарда да бар», - дейді Дарвин. Иттердің ақылға қонымды әрекеттері олардың ойлау жүйесі аса жоғары екенін көрсетеді. Мәселен, ерте заманнан бері оларды аң аулауға, мал бағуға жұмсаудың өзі осы ерекшеліктің арқасында болған. Иттің алғырлығынан бөлек, оның қорқыныш әсерін жеңе білуі де маңызды. Ғалымдар иттердің апатты сезуден кейінгі әрекеттері ешбір жануар атаулы да кездеспейтінін айтады. Ол әрекет апатты сезе тұрып, ішкі қорқынышын жеңу. Иттер адамға бауыр басу, оған махаббат пен қамқорлықпен қарау әсерінен апат болар да өзінен бұрын иесінің амандығын ойлап тұрады.
Иттің негізгі инстикті иіс сезу мүшесі арқылы дамиды. Иістер - иттің өмір бойы сыртқы ортадан алатын негізгі ақпарат көзі. Оның иіске арналған шартты рефлекстері басқа сезім мүшелеріне қарағанда тұрақты сақталады. Басқа сүтқоректілер сияқты иттердің иіс сезу жүйесіне тән белгілері белгілі бір заттарға жоғары абсолютті сезімталдықтан басқа, дәлдікпен талдаудың жылдамдығы, күрделі қоспалардан жеке компоненттерді ажырата білу, сонымен қатар көптеген компоненттердің қоспаларын есте сақтау және олардың құрамын ішінара өзгерткен кезде де тану мүмкіндігі бар. Сан алуан иістермен әртүрлі компоненттер иттер үшін ерекше құнды ақпараттық жүйені құрады.
Иіс пен инстинкт жақын ұғымдар, бірақ бірдей емес. Иіс сезу - жануар денесінің жалпы иістерді қабылдауға және ажыратуға физиологиялық қабілеті. Ал инстинкт - жануардың басқа да сезім мүшелерін қосу арқылы иістен алған ақпаратты тану қабілеті.
Жоғары жиіліктегі дыбыстарға сезімталдығы арқасында иттер адамдарға қарағанда жақсы естиді. Адамдарда есту диапазонының жоғарғы белгісі шамамен 20 мың Гц, иттерде 40 мың Гц дейін. Иттер жоғары жиілікті дыбыстарды естігендіктен, олар теледидар, тоңазытқыш немесе түтін индикаторының дыбыстарына жауап беріп отырады. Иіске, дыбысқа қатысты инстикті қолдана білудің өзі артықшылық. Алайда оған дұрыс бағыт беріп, осы ерекшеліктерін пайдаға асыру адамның істейтін жұмысы. Құтқару қызметіне келгенде бастапқыда ит тек иіс сезімін қолдана отырып іздейді, оның инстинкті әлі дамымаған. Іздеу-құтқару қызметі курсынан өткеннен кейін ол инстинктпен жұмыс істей бастайды. 2 жыл жұмыс істегеннен кейін ол иіс пен дыбыстың көзін табу үшін өз ерекшеліктерін қолданады.
Иттің даму кезеңі бойынша бірінші орында иіс, екіншісінде — есту, үшіншісінде — көру қабілеті бар. Осы көру мен иіс сезудің өз ара байланысы бар. Ғалымдардың сөзінше, иттер иісті визуалды интеграция жасай алады. Одан бөлек, иттің жылдам қозғалуы, адам өте алмайтын орындарға еркін өтіп кетуі олардың құтқару қызметін тиімді көрсетеді.
Енді иттің жоғалған адамды іздеу кезеңіне келейік. Топырақ, қар қабатының астына түскен адамның иісін ит сезінуі үшін иіс белгілі тығыз қабаттан өтуі керек. Оның жолында топырақта бар иістер бөгет болуы мүмкін. Негізінен адам іздеу кезінде шығатын иістің 4 негізгі түрі бар.
Құрылыс қалдықтары, орман ағаштары. Жер сілкінісі немесе дауыл салдарынан бір-біріне құлаған ғимараттардың сынықтары, ағаш бұтақтары арқылы адамның иісі 10 метр қашықтықтан еркін өте алады. Одан бөлек, суық ауа райы, жел тұруы арқылы иістің шығу жылдамдығы өседі.
Аралас қоқыстар. Сел ағынының немесе ылғалды қар көшкінінің түсуі нәтижесінде қираған құрылыстардың сынықтары, дымқыл топырақпен немесе қармен араласқан ағаш діңдері иістің жер бетіне шығуын қиындатады. Оған себеп балшық тез қатайып, қар тез мұзға айналады.
Қар көшкінінен кейін пайда болған қар қабаты әртүрлі құрылымға ие және иістерді әртүрлі жолдармен өткізеді. Иістің жер бетіне шығуы үшін ең қолайлы жағдай ылғалды емес, кесек қардың болуы. Қар неғұрлым, ерігіш әрі шаң іспетті жеңіл болса, иіс шығуы да соншалық қиындайды.
Орман қоқысы ортасында қалған әсіресе ағаш кесуге барған адамдарды табу қиындайды. Біріншіден, орман әртүрлі өсімдіктердің түрлі иісі бар. Екіншіден, жолдары ойық, шұңқыр болғандықтан, құтқарушы мен оның қарамағындағы ит бір-бірінен ажырап қалу қаупі бар.
Құтқарушы иттерді тәрбиелеу үшін оларды бала жастан қатар өсіру керек. Алайда бұл жаңа туған күшіктерді асырау деген сөз емес. 2 жастан асқан ересек жақсы және дамыған күшікті де таңдап алсаңыз болады. Әрбір иттің мінезі бар, сол мінез-құлық көрінетін кезде жаттығуды бастаған жөн. Бастасы мінезді итті іздеу және оны дұрыс дайындау. "Дайындық" ұғымы итке әсер етудің барлық түрлерін қамтиды: өсіру, тәрбиелеу, ұстау, оқыту, жаттықтыру. Иесінің жеке психикалық ерекшеліктері итке қатты әсер етеді. Яғни ит иесіне тартады. Жаттықтырушылардың тәжірибесіне сүйенсек, физикалық тұрғыдан нашар дамыған иттің жүйке жүйесі мықты бола бермейді.
Іздеу-құтқару жұмыстарына қатысатын итке қажетті қасиеттер:
* адамның иісін табуға қызығушылық пен табандылық;
* табиғи кедергілерді жеңудегі батылдық;
* жұмыстағы белсенділік;
* бейтаныс жерде бағдарлау сезімі;
* жабайы және үй жануарларына немқұрайлы қарау;
* тәуліктің кез келген уақытында, ауа райына қарамастан, жұмыс істеу қабілеті.
Күшікті оқыту мен тәрбиелеудің жалпы принциптері:
- тыйымды тыңдата білу;
- күшік кезінде алынған "ерте тәжірибе" иттің өмір бойы мінез-құлқы мен жұмысына әсер етеді;
- жаттықтырушы өсіру және тәрбиелеу кезінде жіберген қателіктерін кейін түзету мүмкін емес;
- шамадан тыс көп немесе керексіз жаттығуларға жол бермеу керек;
- Үнемі иттің қызығушылығын қолдау және дамыту;
- Иттің арнайы тамақ рационы болуы тиіс, ол дәм арқылы иісті анықтай білуі және тек өз иесінің қолынан тамақтануы керек. Бұл оның сол адамға қалтқысыз бағынуына әсер етеді;
- Үнемі серуенге алып шығудың қажеті жоқ. Оның орнына жаттығулар жасату керек.
- Оған ұя орнына темір тор қояды. Бұл оның төзімділігін арттырады.
Алайда адамның жасы келген сайын ақылы толысатыны секілді иттердің де жақсы жұмыс істеуі уақыт өткеннен кейін келетін қасиет. Сондықтан иттерді алдымен жаттықтырып, жасы 3-4-тен асқаннан кейін ғана қызметке алады. Олардың дайындық деңгейін, біліктілігін тексеруге және растауға арналған кинологиялық сынақтар болады. Сертификаттау сынақтары 3 кезең бойынша жүргізіледі. Алдымен иттер мойынсұну және ептілік жаттығуларының арнайы кешенін орындау сынағынан өтсе, одан соң кинолог маманның командаларын орындайды. Үшінші кезеңде орманда және техногендік үйінділерден адамдарды іздеп табуға тартылады. Сынақтың қорытындысы бойынша жақсы көрсеткіші бар иттер іздеу-құтқару қызметіне араласа алады.
Кинологтарға да арнайы талаптар қойылады. Мәселен, қиын таулы қыраттарға, өзен-көлдерге адам құтқаруға барғанда кинолог иттің соңынан қалмай бірге жүгіріп жүруі және аймақтың картасын түсіне алуы қажет. Альпинистік құтқару құралдарын қолдана білгені және ит зардап шеккен жағдайда оған медициналық көмек көрсете білуі керек. Өз қарауындағы итке жанашыр болып, оның жағдайын жасау, құтқару кезінде иттің мінезіндегі ауытқуларды байқай білгені жөн.
Көп жағдайда иттер өз өмірінен бұрын жақын адамдардың өмірін қаттырақ ойлайды. Және өзін басқаның жолында құрбан етеді. Бұл олардың табиғат берген мінезі. Осы мінездің арқасында олар басқа жануарларға қарағанда, адамға бір табан жақын бола алады және сенімді қызмет етеді.