Қытайға зауыт салдырмақ әкім журналистерді кінәлады

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бүгін өзінің Facebook-парақшасына жазба жариялап, киік етін өңдейтін зауыт салу үшін қытай инвесторларына жер телімін беру мәселесіне қатысты айтқан сөзі бұрмаланғанын айтыпты. Бұған журналистерді кінәлі етіп көрсеткен ол “ешқандай жер телімі берілмейді” деп ақталыпты.

Есенжол Елекенов

  • 23.11.2023

Төреғалиевтың осыған дейін не айтқанына тоқталмас бұрын, алдымен бүгінгі жазбасына назар аударайық:

-Құрметті жерлестер, бірлігі ажырамаған ағайын! Дархан даламызды қызғыштай қорғап, сүйемдей жері үшін сүйегін қалдырған ата-бабамыздың аманатын бүгінгі ұрпақ абыроймен көтеріп келеді.
Жер аманаты – ел аманаты! «Батыс Қазақстан облысы бойынша жер телімдері Қытайға жалға беріледі екен»  деп желіні кезіп жүрген желікпе сөздер жалған екенін жеткізгім келеді. Инвесторларды елге тарту жөнінде айтқан менің мәлімдемемнен қиылып, құрастырылып, бұрмаланып таралуда.
Сондықтан халықтың қаймақтай ұйыған ауызбірлігін бұзуға бағытталған бұрма сөздерге ермеңіздер. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 24 бабы бойынша шетелдіктер, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларға жер сатылмайды, жалға да берілмейді.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке берілмейді,-депті жазбасында Нариман Төреғалиев.

Осыған дейін не деп еді?

Нариман Төреғалиев өткен аптада журналистердің алдында брифинг өткізген болатын. Сол жиында  ол киік етін өңдейтін зауыт салу үшін қытай инвесторларымен келіссөз жүріп жатқанын, олар 100 мың гектар жер сұрап отырғанын айтқан еді. 

-Мәселе заң бойынша шешіледі. Жер беру рәсімі бойынша жұмыс істейміз. Біріншіден, бізге инвестор тарту керек. Екіншіден, қазір алдымызда үлкен тапсырмалар тұр. Себебі, мемлекетіміз шикізатқа тәуелді болмауы керек. Мұны мемлекет басшысы үнемі айтып жүр. Сондықтан қазір біз етті терең өңдеп, яғни қосымша құнмен жақсы бағаға сатып, облысымыздың экономикасын көтеруіміз керек. Облыс экономикасының көтерілуі өңірдегі барлық мәселені шешуге септігін тигізеді,- деген болатын Төреғалиев. 

Оның осы сөзінен кейін қоғамда резонас туды. Халық  қытайға 100 мың гектар тұрмақ, ұлтарақтай жер беруге болмайды деп қарсы шықты. Халықтың қарсылығынан қаймықты ма қайдам, әйтеуір Төреғалиев өзгеріп шыға келіпті.

Нариман Төреғалиев сол брифингте қытайдан қорқудың қажеті жоқ дегенде пікір айтқан болатын. Сол сөзін де қаз-қалпында бергенді жөн санадық:

“Жер сатылмайды. Тағы қайталап айтамын, жер инвесторға уақытша ғана беріледі. Зауыт салынған жағдайда, инвестор зауытты арқалап алып кетпейді ғой. Біз осыны халыққа жақсылап түсіндіруіміз керек. Қытай келеді деп қорқудың қажеті жоқ”.

Төреғалиевтың осы сөзінен-ақ қытай инвесторларына жер телімін беруге кетәрі емес екенін аңғаруға болады. Әйтпесе, мұндай сөзді ол айтпас еді. Енді өзін ақтап алу үшін барлығына журналистерді кінәлап, судан ақ, сүттен таза болып қалғысы келгендей…

Байланысты жаналықтар

Астанада 55 жер телімі мемлекетке қайтарылды

25.07.2024

Шымкент әкімдігі инвесторға жер бермеген

21.05.2024

Ақтөбеде әкімдіктің жер телімдерін заңсыз бергені анықталды

20.05.2024

Қазақтар атқан киікті қытайлар келіп өңдемек

17.11.2023
MalimBlocks
Астанада 55 жер телімі мемлекетке қайтарылды

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бірі ақшалай өтемақы алып, қаланы абаттандыру үшін 50 жер телімін мемлекетке беру туралы сот шешімін 2 жыл бойы орындамаған.

Шымкент әкімдігі инвесторға жер бермеген

Кінәлі тұлға жауапкершілікке тартылды.

Ақтөбеде әкімдіктің жер телімдерін заңсыз бергені анықталды

Қаланың Бас жоспарына сәйкес, бұл учаске жасыл аймаққа кіреді және ол жерде қандай да бір құрылысқа тыйым салынған.

Қазақтар атқан киікті қытайлар келіп өңдемек

Қытай инвесторлары киік етін өңдейтін зауыт салуды көздеп отыр. Сол үшін олар Батыс Қазақстан облысы әкімдігінен 100 мың гектар жер алу үшін келіссөз жүргізу үсінде. Мұны БҚО әкімінің өзі Нариман Төреғалиев орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлімдеді.