Сауалнама: Гүл - таңдаулы сыйлық арасында тек 5-орында
Биыл қаңтардың соңында Қазақстанда өсімдіктер мен гүлдердің бағасы бір жыл ішінде 8,2% қымбаттады. Energyprom зерттеуі бойынша, ең қымбат Қарағанды облысында байқалды (41,5%). Одан кейін Алматы облысы (18,1%) және Астанада (14,5%) қатты қымбаттады. Ең аз жылдық баға өсімі Алматы қаласында тіркелді (1,3%). Ақмола, Жамбыл және Жетісу облыстарында баға өзгермеген. Тағы екі өңірде керісінше төмендеген: Павлодар облысында — бір жылда 0,9%, Ұлытау облысында — 6,1% арзандады.
Бүкіл әлемге танымал раушан гүлі қаңтар айында базарларда бір данасы орташа есеппен 946 теңгеден сатылды. Ең қымбат Абай облысында: 1,4 мың теңге. Қостанай (1,3 мың теңге) және Шығыс Қазақстан (1,2 мың теңге) облыстарында сәл арзанырақ. Ең арзаны Шымкентте - 600 теңге. Батыс Қазақстан облысында раушан гүлі 648 теңге, Қызылордада 667 теңге.
2023 жылы Қазақстанда 17,6 млн гүл жиналған. Гүл еліміздің 20 өңірінің 13-де өсіріліп, жиналған.
Сондай-ақ, picodi.com сайтының 2022 жылы жүргізген сауалнамасына сәйкес, қазақстандық әйелдердің 39%-ы ғана мерекеге гүл алғысы келеді. Сауалнамаға сәйкес гүл таңдаулы сыйлықтар арасында тек бесінші орында. Әйелдер 8 наурызға ақша (69%), парфюмерия (63%) және косметиканы (54%) ең керекті сыйлықтар деп санайды.
Фото: Pexels