Сібір қазақтарының ана тілін үйренуге мүмкіндігі жоқ
Сібірде тұрып жатқан этникалық қазақтардың ана тілін үйренуге мүмкіндігі жоқ. Әуелі қазақ тілінен факультативтер де жоқ. Бұл туралы ТАЙГА. ИНФО интернет басылымына «Сибирский Архив» журналының бас редакторы, тарих ғылымдарының докторы Владислав КОКУЛИН хабарлаған.
Сібір ертеде түркі халқының мекені болған үлкен аймақ. Аумағы – 4,36 миллион км² алып жатыр.Ресей Федерациясы территориясының 25,5 %. Батысында Орал таулары, солтүстігінде Солтүстік мұзды мүхитымен шектеседі. XVI—XVII ғасырларда Ресей құрамына өткен. Былтырғы есеп бойынша бұл суық өңірде 17,12 миллион адам тұрады.
Сібірлік басылымның жазуынша, аға буын өкілдері атақты әнші Роза РЫМБАЕВАНЫ сүйіп тыңдайтын. Қазіргі жастар Қазақстаннан шығатын «Рахат» тәттілерін ғана біледі екен.
«Сібірде қалалар мен облыста ұлттық-мәдени орталықтар бар. Қазақтар жиі шоғырланған кейбір жерлерде мектепте қазақ тілі оқытылады. Өкінішке қарай, Сібірде көптеген қазақтың ана тілін оқуға мүмкіндігі жоқ. Тіпті факультативтердің өзі жоқ. Оған себеп мұғалімдердің, оқулықтардың, қаражаттың тапшылығы», - деген тарихшы Владислав Кокулин.
Сібірде 120 ұлт өкілі тұрады. Ресми ақпарат бойынша этникалық қазақтардың саны 100 мыңға жуық.
Фото: omsk.bezformata.com