Шымкент карантинге дайын ба?

Malim Админ

  • 30.03.2021

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен коронавирустың таралуының алдын алу штабының отырысы өтті. Онда денсаулық сақтау саласының дайындығы тағы бір рет пысықтады. Сондай-ақ, қала әкімі Мұрат Әйтенов Нұр-Сұлтан және Алматыдағы эпидемиологиялық жағдайды айта келіп, Шымкент тұрғындарын медмаска киіп жүруге, көпшілік орындарға бармауға, басқа да санитарлық талаптарды сақтап жүруге шақырды. Санитарлық талаптарды қадағалайтын мобильді топтардың жұмысын күшейте түсуге тапсырма берді.

Жалпы Шымкентте коронавируспен күрестің 3 сценарийі әзірленген.  Қазір А сценарийі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл сценарий бойынша 1380 төсек-орын дайын. B және С сценарийлері бойынша 5 мың төсек-орынға дейін дайындалады. Жауапты адамдардың сөзіне қарағанда ӨЖЖ аппараттары мен оттегі, сонымен бірге дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.

Ал осы күндері 284 науқас коронавирустен емделіп жатыр. Аурухана толымдылығы  20 пайыз. Бұдан бөлек симптомсыз 133 науқас үйлерінде емделуде.

Кеше Шымкент қаласында коронавируспен 13 науқас тіркелген.  2345 адам коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған. Олар тіркелген емханалардың бақылауында.