Үйін қымбатқа алып, сата алмай отырғандар көбейді
Баспанаға сұраныстың азайғаны, әсіресе, Алматы, Астана қалалары мен Қарағанды, Маңғыстау облыстарында байқалады
Қымбатшылыққа байланысты Қазақстанда үй сатып алатындардың саны азайған. Тіпті пәтердің құны құлдырап кетті дегендер де табылады. Астаналық Самат Бекенұлы бір жыл бұрын қымбатқа алған тұрғын үйін өз бағасына өткізе алмай отыр. «Былтыр үйімді оң жағалаудан 26 млн-ға алған едім. Қазір ол бағаға сату қиын болып тұр. Дәл осындай пәтерлер 21-22 млн-ға сатылып жатыр. Үйімді өткізсем, 4 млн ұтылып қаламын. Сондықтан, күте тұруға тура келеді»,-дейді ол.
Үйдің нарықтағы бағасы орналасқан елді-мекеніне, шаршы метріне, тіпті қаланың ішінде қай ауданда тұрғызылуына байланысты құбылып отырады. Пәтерлерді саудалауға арналған сайттардағы бағада да реттілік жоқ. Риелтор Азамат Есімхановтың айтуынша, тұрғын үйлердің бағалары төмендеп жатыр. Бұған Ұлттық банктің жыл басынан бері пайыздарының төмендеуі себеп. Қазір 17 пайыз болып тұр. Сонымен қатар, несиелердің берілмеуі, басқа да банктердің тиімді бағдарламаларының жоқтығы әсер етіп отыр.
Баспанаға сұраныстың азайғаны, әсіресе, Алматы, Астана қалалары мен Қарағанды, Маңғыстау облыстарында байқалады. Тиісінше, бұл пәтер бағасының арзандауына әсер еткен. Ұлттық сататистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың мамыр айында тұрғын үйлерді сату-сатып алу бойынша мәмілелер саны сәуірмен салыстырғанда 18,6 пайызға азайды. Жалпы мамыр айында 25588 мәміле тіркелген. Олардың 6666-сы жеке үйлер. Ал, 18992 мәмілесі көппәтерлі үйлер болып есептеледі.
Ал, шетелде пәтердің бағасы керісінше шарықтап кеткен. Мысалы, АҚШ-та тұрғын үйдің орташа құны 500 мың доллар. Бұл былтырмен салыстырғанда 30-40 процентке өскен дейді сарапшылар. Екінші нарықтағы тұрғын үйлерді сату саласының маманы Гүлмира Сәрсенқызы бұл уақытша құбылыс болуы мүмкін екендігін айтады. Мемлекет тарапынан тиімді бағдарламалар қабылданса, баға қайта өсуі ықтимал. «Баға арзандады деп айтуға болмас, баға тұрақталды. Бұрынғы қалпына келіп жатыр. Өйткені, азаматтар зейнетақы қорында жинақталған ақшаны алғанда үйдің құны күрт өсті. Қазір ондай мүмкіндік болмағандықтан баға тұрақталып, сол бұрыңғы қалпына келіп жатыр»,-дейді сарапшы.
Ал экономист Мадияр Кенжеболат бүгінгі кезде халықтың негізгі төлем қабілеті өте төмен екенін жеткізді. «Көптеген тұрғын үй бағдарламалары болды. Мысалы, халыққа 5-20-25 деген сияқты бағдарламалар көмектесті. Солардың арқасында осындай сұраныс ұсталып тұрды»,-деп бағалайды ол.
Айталық, 2021 жылдың желтоқсан айында тұрғын үй нарығында дүмпу болғаны мәлім. Ол кезде республика бойынша 94988 сатып алу және сату келісім шарты жасалған. Бұл әзірге соңғы 3 жылдағы ең үлкен көрсеткіш. Мамандар мұның себебін де азаматтардың зейнетақы қорынан ақшасын шешіп алуымен байланыстырады.