Вакцина пандемияны тоқтата ала ма?
Бүгін Қазақстанда ковидке қарсы жаппай вакцина салу басталды. Ұлыбритания, АҚШ тәрізді дамыған елдер вакцинациялауды бізден бұрын бастап кетті. Әлбетте, олар біз сияқты сынағы толық аяқталмастан тіркелген Ресейдің "Спутнигін" емес, Pfizer мен Moderna вакциналарын салып жатыр. Қалай болғанда да ковидке қарсы вакцина коронавирустан қаншалықты ұзақ қорғайды? Вакцинадан кейін пайда болатын антиденелер қанша уақытқа жетеді? Жаппай вакцинациядан кейін мемлекеттер қалыпты өмірге орала ала ма? Malim.kz Батыстың ғылыми журналдары мен ақпарат құралдарындағы мәліметтерге сүйеніп, осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
- Ковидке қарсы вакцинаның күші қанша уақытқа жетеді? Оны жылына бір рет салу керек пе, әлде бір рет салса жеткілікті ме?
Ковидке қарсы вакциналар бертінде ғана шығарылып, сынақтан жақында ғана өткендіктен (әңгіме АҚШ-тың Pfizer мен Moderna вакцинасы туралы болып отыр, Ресей "Спутник-V" вакцинасын сынақтың үшінші кезеңі аяқталмай жатыр тіркеп жіберді), олардың ұзақмерзімді әсері жайлы көп нәрсе белгісіз.
АҚШ-тың ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау институты – Ауруды бақылау мен алдын алу орталығы (Center for Disease control and Prevention) сайтында бұл туралы былай делінген: "Вакцина қаншалықты тиімді деген қосымша мәліметтерді алғанға дейін вакцинадан кейін пайда болатын иммунитет қаншаға созылатынын білу мүмкін емес". Яғни вакцинаның әсері қаншаға созылатынын әзірге өндірушілер мен Батыс ғалымдары дөп басып айта алмайды.
The New York Times-та ғылым тақырыбын жазатын коллумнист Карл Циммер де бұл сұрақтың жауабы әзірге белгісіз деген. "Moderna мен Pfizer сынақты 27 шілдеде бастады. Вакцина ұзақ мерзім бойы қорғауы мүмкін, бірақ бір жылға жетпей күші жойылып, қайтадан вакцина салуға тура келуі де мүмкін", - дейді коллумнист.
Коронавируспен ауырып шыққан науастарда оған қарсы табиғи иммунитет қалыптасады. Бірақ бұл жағдайда да антиденелер қанша уақытқа жететіні белгісіз. Антиденелер кемі бірнеше ай сақталады, жойылған соң вируспен ауырған адам қайтадан ковид жұқтыруы мүмкін. Сол сияқты вакцинадан кейін пайда болатын иммунитеттің қаншаға жететінін ғалымдар әзірге анық білмейді.
- Мен ковидпен ауырып, одан айықтым, сонда да вакцина салдыруым керек пе?
REUTERS/Tatyana Makeyeva/File Photo
АҚШ-тың ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау институты – Ауруды бақылау мен алдын алу орталығы (Center for Disease control and Prevention) ковидпен бұған дейін ауырғандар да коронавируске қасы вакцина салдырған жөн деп есептейді.
"Ковид денсаулыққа қаупі және оны қайта жұқтыру мүмкіндігі бар екеніне байланысты осы уақытқа дейін COVID-19-бен ауырсаңыз да вакцина салдырған жөн".
Джон Хоппкинс институты жұқпалы аурулар маманы Амеш Адаля да вируспен ауырған күннің өзінде вакцина салдырған дұрыс дейді.
Ғалымдар ковидпен ауырғандарда оған қарсы табиғи иммунитет қалыптасады, бірақ әр адам қанындағы антиденелер белгілі бір уақытқа дейін ғана тұрады дейді. Әр адамда антиденелер әртүрлі уақытта жоғалып жатыр. Зерттеушілер бір белгілісі, ковидпен ауырған адам оны екінші қайтара 90 күн ішінде жұқтырмайды дейді.
- Ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін қанша адам вакцина салдыруы керек?
АҚШ-тың ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау институты – Ауруды бақылау мен алдын алу орталығының (Center for Disease control and Prevention) жазуынша, ковидке қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін қанша адамның вакцина салдыру керектігін сарапшылар анық білмейді.
Ұжымдық иммунитет белгілі бір қауымдастағы адамдар тобы вакцина алғандықтан немесе ауырып шыққандықтан, індеттен қорғалған дегенді білдіреді. Ұжымдық иммунитет қалыптасса, аурудың жұққыштығы, бір адамнан екінші адамға жұғуы төмендейді. Ғалымдар ковидке қарсы ұжымдық иммунитет қалай қалыптасатынын толық зерттеп бітпеді.
- Жаппай вакцинациялау басталып, адамдар вакцина салдырған соң мемлекет бұрынғы, ковидке дейінгі қалыпты өмірге орала ала ма?
Бұл мәселе вакцинациялау бізден бұрын басталған Ұлыбритания мен АҚШ-та кеңінен талқыланып жатыр. Ғалымдар, біріншіден, вакцина адамды қаншалықты ұзақ қорғайтынын білмейді. Екіншіден, вакцина ауру жұқтыруды тоқтата ала ма, вакцина салдырған адам вирусты өзгелерге жұқтырмай ма, бұл да жете зерттелмеген. Үшіншіден, вакцина дамыған елдердің өзінде бүкіл халыққа қолжетімді емес, тек белгілі бір топтарға егіліп жатыр. Мысалы, Ұлыбританияда халықтың 20 пайызына вакцина салынбақ. Олар денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, қарт адамдар мен әлеуметтік әлсіз топтар. Қазақстанда да Ресейдің сынақтан толық өтпеген вакцинасы ең алдымен медицина қызметкерлеріне салынатыны белгілі. Оның үстіне дамыған елдерде вакцина туралы сауалнама жүргізіліп, халықтың кей бөлігі оны өз еркімен салдырмайтынын анықтады. Қазақстанда мұндай сауалнамалар жүргізілмеді, бірақ денсаулық сақтау кодексі талқылағанда міндетті вакцинаның өзіне әлемжеліде қарсы шыққан жұртты ескерсек, біраз қазақстандық өз еркімен вакцина салдырмауы мүмкін. Оның үстіне Ресей "Спутник" вакцинасын сынақтың 3-кезеңі толық аяқталмастан тіркеп жібергені вакцинаға қарсылардың күдігін қоюлатуы ықтимал.
Айналып келгенде, осы факторлардың барлығы әлеуметті арақашықтықты сақтау, маска тағып жүру мен басқа да шектеу шаралары сақтала береді деген сөз.
Ұлыбританиядағы East Anglia Университетінің профессоры Пол Хантер бүкіл халық жаппай вакцина салдырмайтындықтан Ұлыбританияда алдағы күз бен қыста індет тағы асқынуы мүмкін деп болжайды. Хантер мен әріптесі Гранттың бірігіп жазған зерттеуінде қолданыстағы бірнеше вакцинаның бірде-бірі 100 пайыз тиімді емес, бәрі вирустың бетін қайтару үшін ұжымдық иммунитет ықтималдығына сүйенеді дейді. Хантер CNN-ге берген сұхбатында вакцина ұжымдық иммунитетті қалыптастырмаса да, жазға қарай инфекцияның тарауын азайтуы мүмкін, өйткені вакцина симптомдарды азайтып, ауру жеңіл өтеді деген. Өз кезегінде бұдан аурудың тарау көрсеткіші R төмендеуі керек. Алайда бұл жұртқа Pfizer вакцинасын салып жатқан Ұлыбританияға қатысты зерттеу болғандықтан, Қазақстанда жағдай қалай өрбитінін тап басып айту қиын.
- Ұлыбританияда, Оңтүстік Африкада коронавирустың жаңа түрі шықты, ол әлемнің басқа елдеріне таралып жатыр. Вакцина вирустың жаңа мутациясына қарсы тиімді ме?
kgw.com
Расында да, жұққыштығы кәдімгі ковидтен 70 пайызға жоғары Ұлыбританиядағы ковидтің штамы көрші Өзбекстанда анықталды. "Спутник-V" вакцинасын жасап шығарған Гамалея орталығының директоры Александр Гинцбург Ресей вакцинасы Ұлыбританияда анықталған штаммнан қорғайтынын мәлімдеді. Бірақ "Спутник" Оңтүстік Африкада анықталған 501Y.v2 немесе B1351 түрінен қорғайтыны-қорғамайтыны жайлы анық дерек жоқ.
Йоханнесбургтегі жұқпалы аурулар ұлттық институтының ғалымдары өз зерттеуінде Оңтүстік Африкада шыққан ковидтің жаңа түрі қан плазмасындағы антиденелерді жою көрсеткіші әртүрлі екенін анықтады. Зерттеуге қатысқан 44 пациенттің 21-інің қан плазмасындағы антиденелер вирусты жоя алмаған. Кей пацинеттер плазмасындағы вирусты жою қабілеті 64 есе төмендесе, кей пациенттердікі өзгермеген. Ғалымдар бұл зерттеу вирустың жаңа штамы ковидпен ауырып шыққан адамдарға жұғуы мүмкін екенін көрсетеді дейді. Ғалымдар осы себепті тез арада вакцинаны осы штамға қарсы әсер ете алатындай етіп жасап шығу керек деп есептейді.
BioNTech жүргізген зерттеу Pfizer вакцинасы Ұлыбританияда анықталған вирустың жаңа түрінен қорғай алатынын көрсетті. Бірақ оның Оңтүстік Африкадағы штамнан қаншалықты қорғайтыны әзірге белгісіз. АҚШ-тың Moderna вакцинасын шығарушылар "вакцина бүгінде анықталған жаңа штамдардан қорғайды деп күтеміз" десе де, зерттеулер Оңтүстік Африкадағы штамға қарсы вакцинаның тиімділігі төменірек болуы мүмкін екенін ескертті.
Ал британ-швед концернінің Oxford/AstraZeneca вакцинасына ковидтің жаңа түрінен қаншалықты қорғайтыны анық емес. Оксфорд университетінің өкілі CNN-ге берген сұхбатында бұл мәселені зерттеп жатқанын мәлімдеді.