"Халық террорист емес". Алматыда қаралы митинг өтті

Алматыдағы Тәуелсіздік таңы монументі алдына жұрт Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтарды еске алу мақсатында қаралы митингке шықты.

Malim Админ

  • 13.02.2022

Әкімшілік ғимараты маңына жиналған халық Қаңтар оқиғасынан кейін 40 күн өткеніне байланысты қайтыс болғандарды еске алып, қаралы жиынға жиналды. Сағат 12:00-де деп жарияланған кездесуге жұрт 11-ден бастап келген. Қырғын кезінде туыстары қайтыс болған адамдар иықтарына ақ лента байлап алған.

Malim.kz Фейсбук парақшасына тікелей эфирге шыққаннан көп ұзамай байланыс үзіліп, алаңда интернет желісі бұғатталды. Алаңда полиция қызметкерлері көп емес, жол қозғалысы тоқтатылмаған.

Тәуелсіздік таңы монументіне оқиға кезінде қайтыс болған адамдардың аты жазылған ақ плакат ілінген. "Халық террорист емес" деген үлкен плакат ашылып, оның екі қапталына қайтыс болған және қамауда отырған туыстарының суреттерін ұстаған адамдар жиналған. "Назарбаев сотталсын", "Полиция азаптауды тоқтат", "Халықты азаптап жатқандар жазаға тартылсын", "Досаевқа халық қарсы" деген лозунгтар бар.

Жиынға шамамен 200 адам келген. Олардың арасында белгілі саясаткерлер Болат Әбілов, Балташ Тұрсымбаев, Гүлжан Ерғалиева, Еркін Рақышев, Жанболат Мамай бар.

Алдымен қаза тапқандардың рухына құран бағышталды. Жұрт Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған барлық азаматтарға Халық қаһарманы атағын беруді талап етіп жатыр. Қаралы митингке шақырғандар қатарынан Болат Әбілов сөз сөйлеп "Халықты өлтіргендердің кім екені белгісіз бірақ олар жазасын алуы керек", - дегеніне ел арасынан бір адам шығып: "Назарбаев өлтірді. Соның атын атау керек", - деп сөзін бөлді.

"Назарбаев сотталсын. Бұрынғы президент құқықтары туралы заң күшін жойып, Елбасы ретіндегі артық құқықтарынан айыру керек. Фурманов көшесіне Қаңтар деген ат беріп, оқиғаға арналған монумент қояйық", - деп жауап берді Болат Әбілов.

(Ақ қағаздарға Қаңтар қырғыны кезінде қайтыс болған азаматтардың аты-жөні жазылған)

Қаралы митингке елдің әр тарапынан адамдар келген.

"2011 жылы Назарбаев қолынын ауыр дене жарақатын алдым. Көңіл сұрады. Қаңтарды Тоқаев қылмысы деп есептеймін. Халықты қынадай қырып, азаптады, фашистік әрекетке барды. Қазір кімді тыңдап отырмыз? Қылмыскерді, ол орнынан кетуі керек", - деді өзін Жаңаөзен қаласының тұрғыны деп таныстырған азамат.

Митингте саяси талаптар қойылып жатыр. Тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай саяси партияларды тіркеп, саяси тұтқындарды босатып, жаңа президент, парламент сайлауын өткізуді талап етті.

"Шетел әскерін Қазақстанға ензіуге болады деген заң нормасын алып тастау керек. ҰҚШҰ мүшелігінен шықсын. Саяси және әскериі тұрғыда нейтралитет жариялау керек. Қаза тапқандардың туыстарына мемлекеттік тұрғыда көңіл айтылуы керек, халықты атқандарды қамау керек, әлі күнге бір полиция қамалмады. Назарбаевты жауапқа тарту керек. Бүгін прокуратура, Тоқаев келіп, халық алдында есеп беруі керек еді, келмегені - қылмыс деген сөз", - деді Мамай.

Сағат түскі 1-ден кейін де халық алаңға жиналып жатыр. Келгендер саны 500-ден асты. 

Халықаралық құқық қорғау ұйымдарына жолдау жасап, өтініш айтылып жатыр.

"Амал жасадық, іске аспады, баласынан айырылған аналардан кешірім сұраймын.  Қамаудағы азаматтарға бір апта ішінде бостандық берсін. Берсе қолынан, бермесе жолынан. Бір айда парламентті тарату керек. Бір апта ішінде алаңға шыққпн патриот абақтыда отыра берсе, алаңға қайта шығамыз", - деді белсенді Жарылқасын Рафик.
Әнұранның қайырмасы айтылып, ұрандар айту жалғасты.

"20 мың террорист қалай келді, қашан келді, ұшып кетті, айтсын. Абақтыда жатқан азаматты ұрпақсыз қал деп тебу - полицейдің қазаққа жасаған сатқындығы. Оларды жай жұмысын істеді ғой демеңіздер. Адамдар Тоқаев пен Назарбаевтың билікке таласының кесірінен өлді. 20 мың террорист ұшып кетті дейді. Демек абақтыдағы адамның бірі де кінәлі емес. Полиция, осында барлар, сөзімізге құлақ салыңыздар!" - деді белсенді Аружан Дүйсебай.

Алматыда интернет бұғатталып, халық қаралы митингке шығып жатқан кезде елордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев мешітке барып, қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағыштап, олардың отбасына "Қазақстан халқына" қоры атынан көмек көрсетілетінін айтты. Бұл туралы ақпарат Республикалық телерадио-корпорацияның Youtube арнасында жарияланды.

Алаңға 227 ақ парақ төсеп, әрқайсысының үстіне алма қойып, оларды қайтыс болған 227 құрбан деп бағалап, Әнұранның ескі нұсқасын шырқады.

Жиынға Маңғыстаудан арнайы келген Роман Балтабаев Тоқаевқа сенуге болмайтынын айтып, "ол мойнындағы күнәдан арылу үшін сенат, парламентті таратып, жаңа сайлау жүйесін реформа жасауы керегін" ескертті.

Алаңға жиналған жұрт тарай бастады. Бір топ адам қала әкімі Ерболат Досаев ел алдына шықпайынша, алаңнан кетпейтіндерін айтып жатыр. Олардың осы талаптарынан кейін алаңда полиция қызметкерлері көбейіп кетті. Полицейлер алаңға бағыт алған адамдарды тоқтатып, қандай мақсатпен бұл маңда жүргендерін сұрап жатыр.

Өзің әкімдік өкілімен деп таныстырған Айдар Есенбеков халықты тарауға шақырды. Халық талаптарымыз орындалмайынша, тарамаймыз деп тұр.

"Заңсыз әрекетті тоқтаңыздар, біздің талап орындалмаса, полиция органдары тиісті шара қолдануға мәжбүр болады. Бұлай тұрғаннан абақтыдағылар босай қоймайды, прокуратураға барыңыздар, 90-ға жуық қатысы жоқ адам босатылды. Бәрінің аты-жөні бар, босат десе босатыла қоймайды, бәрі заңға сай, прокуратураға келіңіздер, түсіндіріп береміз бәрін", - деді қалалық прокурордың орынбасары Назар Ыбыраймолдаев.

Ол қалада "азаптау" фактісі бойынша 24 іс қозғалғанын айтты. Жиналғандар азаптау көрсеткен полицей аты-жөнін жариялауды талап етті.

Прокурор орынбасары диалогқа дайын адамдарды бүгін немесе қабылдау дайын екенін айтты. Оның сөзінен кейін 5 адам қабылдауға баратын болды. Алаңда қаза тапқандардың рухына тағы бір рет құран бағышталды. Азық-түлікке кеткен 3 адамды полиция ұстап алған, жиналғандар прокуратура өкілінен оларды босатуды сұрады. Прокурор диалогқа дайын адамдарды күтті, олар 3 әйелді босатпайынша, кетпейтіндерін айтқан соң, прокурор өзі кетіп қалды. Біраз уақыттан кейін қайтып келіп, ұсталған үш әйелдің босатылғанын айтты. Прокурорлармен келіссөзге 10 адам таңдалған. Олар мәселе 10 күнде шешілмесе, алаңға қайта шығатындарын ескертті.

Алаңда ұсталып, босатылған 3 әйел қайтып оралды. Полиция өкілдері көліктеріне отырып қайта бастады.

Сағат 17:20-да наразылардың барлығы тарап кетті.

  • Естеріңізге сала кетейік, жыл басында Маңғыстау облысында газ бағасының қымбаттауы салдарынан жаппай наразылық акциялары басталған. Кейіннен оларды елдің басқа өңірлері қолдап, экономикалық-әлеуметтік мәселелермен қатар, саяси өзгерістер де талап етілген. Елдің бірнеше өңірінде оқ атылған.
  • 5 қаңтар күні үкімет отставкаға кетіп, президент газ бағасының түскенін хабарлады. Бұған қарамастан елде қарсылық жалғасып, интернет бұғатталып, билік «террористер шабуылдады» деген ақпарат таратқан. 6 қаңтар күні 2016 жылдан бері ҰҚК басқарып келе жатқан Кәрім Мәсімов «елге сатқындық жасады» деген айыппен ұсталды.
  • Оқиға салдарынан құқық қорғау органдары ғимараттары мен мемлекеттік маңызы бар обьектілер өртенген. Билік 20 мың «террорист» шабуылдады деген ақпарат таратқан. Төтенше жағдай 19 қаңтарға дейін жарияланған.
  • 7 қаңтар күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ескертусіз оқ ату» туралы бұйрық бергені туралы айтқан.
  • Президент жағдайды тұрақтандыру үшін ҰҚШҰ елдерінен әскери көмек сұрады. Қазақстанға Ресей, Армения, Тәжікстан, Беларусь пен Қырғызстан әскері келді. 13 қаңтар күні оларды кері қайтару басталды.
  • Ресми ақпарат бойынша қаңтар оқиғасы салдарынан елде 227 азамат қайтыс болған. Оның ішінде әскерилер мен полицейлер саны – 19. Қайтыс болғандар арасында кәмелеттік жасқа толмаған 3 бала бар.
  • Бас прокуратура қайтыс болғандар тізімін жариялаудан бас тартты. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин бейбіт адамдарға оқ атылмағаны туралы айтты.

Митингтен хабар таратқан Айшолпан КЕРІМ, Ақниет АМАНЖОЛҚЫЗЫ

Байланысты жаналықтар

Алматы метросының басшылығы сауда нүктесін жалға алушыларға заңсыз салық төлеткен

22.11.2024

Астана мен Алматыда бет-әлпетті танитын бейнекамералар іске қосылды

21.11.2024

Алматыны қар басты: Бір түнде 52 жол апаты тіркелді

14.11.2024

Алматыда бөгде ер адам әйелге шабуыл жасады

11.11.2024

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

10.11.2024

Алатау және Алматы арасында аэромобиль қатынайды

09.11.2024
MalimBlocks
Алматы метросының басшылығы сауда нүктесін жалға алушыларға заңсыз салық төлеткен

Оларды қосымша келісімдер жасауға мәжбүр еткен

Астана мен Алматыда бет-әлпетті танитын бейнекамералар іске қосылды

Іздеуде жүрген адамдарды тануға, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді

Алматыны қар басты: Бір түнде 52 жол апаты тіркелді

Тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге үндеу жасады

Алматыда бөгде ер адам әйелге шабуыл жасады

Ол қызды құлатып, баспалдақтан төмен қарай сыртқы есіке дейін жармасып барады

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

Шешуші ойында ұлттық құрама Жапонияны ұтты

Алатау және Алматы арасында аэромобиль қатынайды

Алатау қаласын дамыту мәселесі қаралды