Жақсылық жасағысы келетін жастар көп
Жақсылық жасап жарысып жатқандар қатарында жастардың көптігі қуантады. Әсіресе, жоғары оқу орындарында студенттерден құралған еріктілер командасы көптеген игілікті істің басы-қасында жүр.
Абай атындағы қазақ педагогикалық университетінде тіпті біре емес, бірнеше волонтерлер ұйымы жұмыс істейді. Соның ішінде 2017 жылдан бері жұмыс жүргізіп келе жатқан «Береке» еріктілер клубы студенттер арасында ерекше танымал. Клубтың жетекшісі Шолпан Мұратбайқызы Оразғалиеваның айтуынша, еріктілерді бір топқа жинап, қайырымдылық шараларына қатыстыру – тәрбиелік мақсатта қолға алынған шараның бірі. «Қазіргі студенттер білсем, көрсем, үйренсем деп жанып тұрады. Осындай белсенді жандарды көргенде ерекше қуанамын. Әсіресе, оқуын да ақсатпай, бос уақытта жұмыс істеп қосымша табыс тауып отырған, сонысымен ауылдағы ата-анасына салмақ салмай, керісінше қолынан келгенше көмектесіп отырған шәкірттеріміздің көптігіне риза боламыз. Ал сол жастардың адами бет-бейнесін қалыптастырып, тәрбиесін жақсарту үшін мейірімділікке үндеп, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық танытуға үйрету маңызды. Соған орай, жақсы іс жасауға құштар жандардың басын біріктіруге күш салдық. «Береке» еріктілер клубы осындай озық идеяның жемісі» дейді Шолпан Мұратбайқызы. Бұл бағыттағы алғашқы қадам клубтың әлеуметтік желідегі парақшасын жасап, хабарландыру беруден басталды. «Ерікті болу сізге не береді?» деп жастарды жақсы іске үндеген бұл мәтінді жазуға Шолпан Мұратбайқызы жетекшілік ететін команда ерекше дайындалды. Себебі бұл мәтін еріктілер командасына шақырып қоймай, бұл істің жауаптылығын, маңызының тереңдігін түсіндіруге тиіс болатын. «Ерікті болу сізге ешқандай материалдық игілік бермейді. Бірақ сіз оның орнына алғыс аласыз, жақсылыққа кенелесіз» деген сөздер мәтінге сол себепті қосылды. Сонымен бірге, «Ерікті болу арқылы сіз үлкен тәжірибе жинақтайсыз. Ортамен тез тіл табысуды меңгеріп, адамгершілігі мол таныстар, достар табасыз. Мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, ортаңызды дамытып, қоғам мен университетте белсендісі болғыңыз келсе, біздің клубқа қосылыңыз» деген үндеу расында жастарға айтарлықтай ықпал етті. Соның арқасында аз ғана уақыттың ішінде клубқа мүше болғысы келетіндер қатары көбейді. Артынша клубқа қосылған алғашқы еріктілер соңынан достарын, жақындарын, таныстарын ертіп келе бастады. Сөйтіп шап-шағын клуб үлкен ұйымшыл, ынтымақты командаға айналды. Еріктілерді қайырымдылық шараларға ғана жинап қоймай, олардың бойына адамдықтың дәнін себу, мейірімділікке баулу, салт-дәстүр мен діни ұстанымға тәрбиелеуде клуб парақшасының көмегі көп. Мұнда ұйымдастырушылар жастарға қозғау салар көптеген ақылды цитата, қанатты сөздерді тұрақты жариялап отырады. «Садақа – ақіретке еккен егінің! Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде қолын садақа беру үшін созғанда ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады» (Табарани. Кәбир. ІХ, 109 б.) деген сөздер еріктілер парақшасының алғысөзінде тұр. Мұның астарында жастарды қанағатшылыққа, барын бағалауға, айналасына қамқорлық танытуға үйретсек деген биік мораль жатыр. «Береке» еріктілер клубының үлкен іске қадам жасаған кезі егіз қыздардың анасына көмек жинаудан басталды. Осы тұста Алматыдағы еріктілердің бәріне хабарласқан шарасыз ана студенттердің қандай да бір қаржылық қолдау көрсететініне аса сенбесе керек. Десе де, жастарға хат жазды, қолқа салды. Егіз қызды дүниеге әкелген соң қос бүйрегі істен шығып, дәрігерлер бақылауында жатқан ана бұл кезде тек аппараттың көмегіне ғана арқа сүйеп қалған болатын. Дәрігерлер жас ана әрі қарай өмір сүріп, қос қызының қасында болуы үшін шұғыл бүйрек трансплантациясын жасау керек деген. Ал бұл оңай ақша емес еді. Тіпті, қажетті қаржы жиналғаннан кейін де қан құрамы, ағзасының ерекшелігі әйелге сәйкес келетін донордың табылуының өзі екіталай. Осындай уайымға салынған анаға «Береке» еріктілер клубының мүшелері моральдық тұрғыдан да, материалдық жақтан да үлкен қолдау көресете білді. Бір отбасының қайғысын түсінген студенттер көмек сұраған ана туралы ақпаратты жазып алып, парақшаларды адам көп жиналатын орындарға таратумен айналысты. «Сол кезде қос бүлдіршіннің болашағын қатты уайымдағанымыз сондай, анасының диагнозын бәріміз жаттап алған едік» дейді студенттер. «Көп түкірсе – көл» демей ме?! Жастардың зор ынтамен жүргізген қайырымдылық шарасы өз жемісін берді. Тірнектеп жиналған ақша егіз қыздардың анасының бүйрек трансплантациясына аударылды. Осындағы бір байқалғаны – жастардың бөтеннің қайғысына алаңдауы, әр тиынды есептеудегі адалдығы. Өйткені, клуб парақшасында қайырымдылыққа жиналған әр тиынның есебі тұр. Және, клуб мүшелерінің әр қайырымды жанға алғыс айтып, ізгі тілек жолдауы – жақсы іске құштар жандардың санын еселегені талассыз. «Береке» еріктілер клубы «Нұр» балалар үйінің де тұрақты демеушісі. Студенттер балаларға азық-түлік пен жаңа жылдық сыйлықтар алу мақсатында жыл сайын қаржылық қор жинайды. Сонымен бірге, студенттер балалар үйіне барып, кішкентайлардың сабақ оқуына көмектеседі. Бос уақыттарында кейбір пәндерден қосымша дәрістер береді. Өз күшімен жоғары оқу орнына түсіп, білімін жетілдіріп жатқан түлектермен жүздесу – ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға да үлкен демеу әрі жақсы үлгі-өнеге. Мәселен жаңа оқу жылының алдында көпшіліктің демеуімен «Береке» еріктілер клубының мүшелері «Нұр» балалар үйіне барып, кішкентайлармен әңгімелесіп, көңіл-күйлерін көтеріп қайтты. Жетімдерге әрі әке, әрі ана болып жүрген Тұяқ апа студенттерге батасын алып, ғибратты әңгімелерін айтты. Қайырымдылыққа үлесін қосқан әрбір жанға балалар да алғысын білдірді. «Осындай шаралардан кейін балалардың қуанғанын көріп төбеміз көкке жетеді. Олардың жақын тартқаны, кішкентай болса да сыйлық алғанға шаттанғаны бізді қанағатшылыққа үйретеді. Балалармен қимай қоштасқан сайын өз жақындарымыздың қадірін түсінеміз. Содан болар, балалар үйінен шыға салып ата-анамызға, әпке, ағаларымызға қоңырау шалып, жақсы көретінімізді айтып жатамыз. Демек, бұл да бір ғибратты іс» дейді жастар. Қалай десек те, еріктілер клубын құру арқылы жастарды қайырымдылыққа баулыған ұстаздардың еңбегі ерен. Осындайда «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген Әл-Фарабидің даналық сөзі санамызда жаңғырып тұрады. Расында, ұстаздардың білімге ғана көңіл бөлмей, отаншыл, мейірімді, адамшылығы зор ұрпақ тәрбиелеуге ден қоюы көрегендіктің, нағыз педагогтың белгісі болса керек.