Алматы туралы өлеңдер

Malim Админ

  • 19.09.2021

Бір әңгіме

Ұсынылған жоқ бізге де төр бірден,
Көп тірлікке өзімді өзім көндіргем.
Ойыл — мынау,
Қиыл — анау, содан соң…
Алматыны көргім келді, көрдім мен.

Ерте солып біздің жақта бүлдірген,
Бөлісуге жарамады құрбыммен.
Бақша — шағын, көше — шолақ, әрине,
Алматыда жүргім келді, жүрдім мен.

Қызыл-жасыл гүлге толып кетті іргем,
Көп таныстым ылғи жаңа тек-түрмен.
Күндер болды көкірекке леп кірген,
Түндер болды аздап азап шектірген,
Шуақ анау, көз жасымды кептірген.
Мен — Ақтөбе өлкесінің өзені,
Алматыдан кеткім келді, кеттім мен.

Алматыңыз сол еді,
Енді, міне, ертіп келіп көнені,
Аспан неге мазалайды, о, мені,
Бұлттар неге ұсақ тамшы төгеді,
Жұлдыз неге бірте-бірте сөнеді?
Бір сынық мұң түрткілейді, төнеді,
Мен білмеймін, не сұрайды ол менен?
…Ай, жөн еді Алматыны көрмеген,
Алматыға бармағаным жөн еді.

Ертай Ашықбаев

Алматы

Сені Ару деп алдайды жүрт,
Алдайды.
Етегіңе қол жүгіртіп...
Ар жайлы
Соз қозғайды мына қоғам —
оңбаған,
Бататыны — сол маған!


Ару болсаң неге сені сүймейді?
Сүймейді олар.
Жүрегі жоқ!
И, мейлі.
Біреулер жүр сатқысы кеп сені де,
Атқысы кеп,
Қолдан келсе мені де.

 

Ұрлап кеткен сенің нәзік назыңды,
Астана деп аталатын Тәжіңді.
Сені сатса — айналасың ақшаға,
Мені атса — жол ашылар басқаға!

 

Соны ойласам от өзегім өртенді,
Жапқым келіп жыртық-жыртық көрпемді.
Көше бойлап ұлдарың тұр құл болған,
Көше бойлап қыздарың тұр күң болған.

 

Биік-биік аласарып армандар,
Биік-биік үй тұрғызып алғандар —
Сенің ашық кіндігіңе қадалып,
Үмітіме түкіреді Далалық.

 

Босағаңнан кім кірмеді талтаңдап,
Жат қушақта күнің өтті жаутаңдап.
Ақындардың жесіріндей Алматы-ай,
Ақындардың жесіріндей Алматы!

                                                                                       Маралтай Райымбекұлы

                                                                     Арбат

Сан ойдың санамда көп сауалы бар,
Қаңғыбас – кезбе тірлік маған ұнар.
Алматы қанша жұмбақ болғанымен,
Арбат деп аталатын алаңы бар.

 

Қажытқан қайқаң өмір, үй тірлігі,
Көремін есалаң мен «сүйкімдіні».
Мұнда бар аластайтын сыған әйел,
Мұнда бар музыканың сиқырлы үні.

 

Көгершін қанаттарын желге керіп,
Дән іздеп дамыл алмай сенделеді.
Әлдебір алаңғасар азияттық,
Билейді жалын шашып дөңгеленіп.

 

Жан-жағың қызыл жалау,
Жасыл жалау,
Арбат бұл арнасынан тасынған-ау.
Қыз жатыр қылығымен көзіңді арбап,
Мұз жатыр Алатаудың басында анау.

 

Аштықтан аласұрып, іші жанған,
Оралар балағыңа күшік-арман.
Масалаң машинист кеп мазаңды алар,
Егіншің екіленіп ішіп алған.

 

«Итіндей» Есениннің таңдарға ұлып,
Алды ма тағдыр – шалды шамдандырып.

О, Байрон,
О, Шекспир, қайран Абай…
Кітаптар жылайды олар шаң жамылып.

 

Алматы биік еді еңсең неден?..
Алматы аласа еді еңсең неден?!
Даңғылда Фурманов деп аталатын
Даланың даналығы кемсеңдеген…

 

Біз-дағы соңғы өлеңбіз,
Ақырғы әнбіз.

Желкені желге сынған пақырлармыз.
Қасына шақырады мына мені,
Матаға сурет салып отырған қыз.

 

– Еһ, ағай, самайдағы ақ қанық неден?
Көзіңнен көлбеп жатқан табыт көрем.
Ақынсың?
Мықтағанда адамсың-ау,
Бәрібір суретіңді салып берем.

 

Суреттер: егістіктер, сарай, құмдар,

Сұрапыл толқындар мен ақ айдындар.
Ақшамдар алабұртқан,
Тылсым түндер,
Жапанда кісінеген қара айғырлар.

 

Сеземін, соңым – соқпақ, алдым – дауыл,
Аңқымас бозаң жусан, шалғын, жаңбыр.

Суреттер – қылқаламнан ағып түсіп,
Бояу боп тұнып қалған тағдырлар бұл!

 

Суреттер жанарының нұры сынған,
Бұлқынар Алматының уысында.

Әлемнің әсемдігі көшіп келіп,
Арбаттың тұр болымсыз бұрышында.

 

Үнсізбін.
Бояу-ғұмыр санамды алған,
Қорқамын тобыры көп алаңдардан.

Мен – мұңмын,
Мен – қайғының суретімін,
Алладан басқа ешкім де сала алмаған.

 

…Алматы қанша жұмбақ болғанымен,
Арбат деп аталатын алаңы бар.

Мұрат Шаймаран