Бокстан Өзбекстан құрамасы бас бапкерінің жүрегі тоқтап қалған
Тулкин Қылышевқа Ұлыбритания дәрігерлері көмектескен
Париж Олимпиадасында бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тулкин Қылышевтің жүрегі тоқтап қалған. Sky Sports жазуына қарағанда, 8 тамыз бейсенбіде, Хасанбой Дусматов финалда жеңіске жеткеннен кейін болған. Қылышев боксшылардың қыздыру аймағында есінен танып қалған, деп хабарлайды Malim.kz.
Сол жерде Ұлыбритания құрамасының дәрігері Харж Сингх пен физиотерапевт Робби Лиллис көмекке келіп, дефибрилляторды қолдануға мәжбүр болған.
Артынан Лиллис бапкерді құтқарғаны туралы айтып берген.
Жаттықтырушылар командасы жаттығу аймағына оралды, бәрі тойлап жатты. Сосын сол жақтан қуанышқа ұқсамайтын айқайлар естіліп, көмекке дәрігер шақырып жатты. Харж бірінші болып жүгірді, мен оның соңынан ердім. Мен 30 секундтан кейін өзімізбен бірге алып жүретін жедел жәрдем сөмкесімен келдім, дейді Робби Лиллис.
Физиотерапевттің айтуынша, Харж оған жақындаған кезде жүрек-өкпе реанимациясын жасаған. Олар қасында уайымдап тұрған барлық жаттықтырушыны қуып жіберіп, дефибриллятор арқылы тоқ беруге мәжбүр болған.
Бастапқыда жаттықтырушы есін жиған жоқ, Харж жасанды тыныс алуды жалғастыра берді. Шамамен 20-30 секундтан кейін ол кенет есін жиды, дейді Лиллис.
Сосын Қылышев ауруханаға жеткізілген. Оның жағдайы тұрақты деп бағаланады.
Айта кетейік, 41 жастағы Тулкин Қылышев 2014 жылдан бері Өзбекстан құрамасын басқарып келеді.
Фото: sports.kz