Куәгерлер

Malim Админ

  • 20.04.2020

Көше шамдарының сәулесі мен бағдаршамның қызылды-жасылды жарығы тасжолдың бетіндегі мөлтіл суға шашырап, жол үстінде қызыл-жасыл түсті жарықтар  дірілдейді. Арагідік зу етіп өте шыққан машиналар шалшық суды шашып, әлгі түрлі-түсті жылт-жылт еткен бояуды сапырылыстып, реңін бұзады.

Жолдың арғы беті. Қаз-қатар тізілген электр шамдар. Онан әрі төбесі шатырлы жазғы сырахана. Жолдың жиегінде бір сары шашты қыз тұрған. Ол тасжолға түскен бейнесіне үңілген-ді... Кенет, тарс ете қалған әлдебір дыбыс пен жанұшырған айқай қабаттасып шықты. Жол үстіндегі жылтыраған түстің бәрі демін ішіне тартып, түнере қалған. ...Бас сүйегі езілген қыздың маңына адамдар үймелей бастаған.

Екі жағына су шашып автобус зуылдап бара жатты...

***

Жұмысқа көбіне-көп кешігіп келетін әдетім-тұғын. Күндегі уақыттан сәл кеш келсем де, кабинетте ешкім жоқ екен. Компьютердің түймесін бастым да, екінші телефонымды ашсам, қабылданбаған қоңыраулар мен хатқа толып қалыпты... Осы кезде тыстан тергеуші Хасен кіріп келді. Жүрісі суыт. Сырт киімін ілді де қайтадан есікті жартылай ашып: «Аты-жөндерін тіркеп, бір-бірден енгізге беріңіз», – деді. Сосын маған бұрылып:

– Кеше қаланың шеткі ауданында бір қызды автобус қаққан, әлде қыз автобусты «қаққан», – деді тергеуші қисық сөйлейтін әдетімен. – Оқиға болған жерден төрт куәгер таптық.

Мен үнсіз куәгерлердің сөзін теруге дайындалдым.

Үстінде ұзындау қара плащ, басында картуз, түр-түсі қара, селеу шыққан сақал-мұртты біреу кірді.

– Екі-ақ сұрақ қоямын, көп уақытыңызды алмаймын. Өз көргеніңізді нақты әрі анық айтуыңызды өтінемін, – деді тергеуші.

– Жеңіс күнінің құрметіне деп аздап тойлатып... Иә, айтпақшы, мерекеңізбен, – деп бастады бірінші куәгер ұшқалақтап. – Уақыт шамамен сағат 11 болып қалған кез. Сыраханада бір-екі үстелден әрірек бір сары шашты әйел кеш бойы өзі жалғыз сыра ішіп отырды. Құлағында құлаққабы бар, ешкімде шаруасы жоқ, планшетіне үңіліп отырды да қойды. Мас болғаны белгісіз, жылағаны белгісіз, жүзі мұңды көрінді. Қазіргі қыздар сол... Түн ішінде сыра ішіп... Көше кезіп...

– Тоқтаңыз, сіз мынаны айтыңызшы, қыз жолдың арғы бетіне өту үшін шықты ма, әлде қасақана машинаның алдына жүгіріп шықты ма?

Ол сәл ойланып тұрды да:

– Иә, ол біреулерге телефон шалды, әйткенмен оңды жауап алмағандай болды. Демек оның жігіті алдаған. Қазір жігіттерде мүлде жауапкершілік жоқ...

А иә... Тарс ете қалған дыбыс естілді. Қарасақ жолдың үстінде қыздың өлі денесі жатыр. Қаланың соңғы автобустарың бірі болса керек, асығыс кетіп бара жатты. Бірақ ол соқты ма, әлде басқа машина қақты ма, оны анық көрмедім.

– Нешінші автобус екені есіңізде ме?

– Автопарке қайтарда автобустар нөмерлерін алып тастайды ғой.

– Автобустың түсін байқай алдыңыз ба?

Ол сәл ойланып отырды да:

– Жаңбыр жауып, тұманданып тұрған. Түсін есімде сақтай алмаппын.

– Бар көргеніңіз осы ма?

– Иә.

Тергеуші Хасен шылымын тұтатып болғанша екінші куәгер кірді. Көзілдірік таққан. Жүзі қуқыл, ұзын шашы бар, қыз мінезді, жұқалтаң жігіт екен.

Тергеуші тағы да оған әлгі екі сауалын қойды.

– Түн. Жаңбыр сіркіреп тұрған. Қыздың да жүзі сол түндей мұңды болатын. Ол жалғыз отырды. Бәлкім, жалғыздықтан қажыған шығар. Өмірде өзіңнің жалғыз екеніңді сезінесің... Тергеуші куәгердің сөзін бөліп:

– Қыз жолға қалай шықты, соны айтыңызшы?

– Өте өкінішті, сондай қайғылы жағдай. Қараудың өзі мүмкін емес еді. Жолдың үстінде оның қаны көл болып жатты. ...Гүжілдеген автобус сондай нәзік қызды басқанда, күтірлеген сүйегінің дыбысы құлағыма жетті. Жүрегім әлі сыздап отыр.

Нақты әрі көңілге қонымды айғақ таба алмады ма, тергеуші бұдан әрі сұрауды қойып:

– Рақмет, келесі кірсін, – деді.

Мен куәгерлердің әрбір сөзін үтір-нүктесіне дейін қалт жібермей теріп отырмын. Автобус емес, куәгерлердің айғақтары секем алдыра бастады.

Сонымен, үшінші куәгер де жетті. Тергеуші әдепкі екі сұрағын қойды.

– Оқиға сағат 10 жарым, 11-ге таяууақытта болды. Көпе-көрінеу автобус қызды қағып өте шықты. Қала ішінде жүретін автобустар тоқтаған, бос қайтып бара жатқан. Автобус сол күйі тоқтамай зып берді. Ешкім көріп үлгерген жоқ.

Қазір автопарктер өте жауапсыз, мұны былай қалдыруға болмайды. Автобус шофері және автопарк қожайыны тиісті жазасын алуы қажет! Бұл жерде қыздың ешқандай кінәсі жоқ!..

– Жақсы, рақмет, – деп, шолақ қайырды тергеуші.

Куәгерлер қызды ақтап, автобусты даттай жауап берді. Және автобустың да анық нөмерін, түсін айтпай жалтарады.

Төртінші куәгер әлгі үшеуінен гөрі ересек екен. Тергеушінің әдепкі екі сұрағына ол асықпай ойланып, баппен жауап берді:

– Біз өз коллективімізбен көңіл көтеріп отырдық. Сырахана деген біреу келіп, біреу кетіп, сапырылысып жатқан жер. Көрген нәрсең есіңде қалмайды. Бір қарағанымда көшеде бір қыздың өлі денесі жатты. Бірақ оны машина қақты ма, әлде біреулер өлтіріп, сол жерге тастап кетті ме, әлде біз мүлде ойламаған оқиға болды ма, бейхабармын. Қысқасы, сәп салып байқамаппын да...

– Жол үстіндегі қызды көрген соң не істедіңіздер?

– Мен оқиға болғаннан кейін бірден үйге тартып отырдым. Себебі ұйықтайтын уақытым болып қалыпты. Ал қалғандар не істегенін білмеймін.

– Сау болыңыз. Сіздер боссыздар. Қажетті жағдай болса, хабарласармыз... – деді. Тергеуші «хабарласармызды» сенімсіздеу айтты...

Тергеушіде қылмысты нақты айғақтайын дәлел бар болған соң жеңіл ғана жауап алды деп бір ойладым.

Куәгерлер кеткен соң тағы да шылымын тұтатқан тергеуші оларды «қылмысқа қатысы жоқ және нақты айғақ болатын адамдар емес, әсершіл-қияли біреулер» деп, келекетті.

Оқиға болған ауданнан ең соңғы қайтқан автобусты автопарктен біліп, экспертиза жасауға және басқа да жолдарын қарастыруға болар еді, бірақ тергеуші істі жапты да, асығыс еңбек демалысын алып тайып тұрды...

***

Сот залы. Оқиғаны бастан-аяқ баяндап болған терімші екінші қалта телефонын сот мырзаның алдына қойды. Үлкен экранда қалтателефонға 15 жауапсыз қоңырау және бірнеше хат келіп тұрғаны көрінді. Хатты ашты...

Бақытбек ҚАДЫР

Байланысты жаналықтар

Жаңа роман жарық көрді 

30.10.2024

Бауыржан Жақып «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тағайындалды

09.10.2024

Бердібек Соқпақбаев – 100 жыл

27.07.2024

Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері

18.07.2024

Қасым Аманжоловтың өлеңдері

11.07.2024

Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдері

11.07.2024
MalimBlocks
Жаңа роман жарық көрді 

Бауыржан Жақып «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тағайындалды

Бердібек Соқпақбаев – 100 жыл

Биыл ақын, жазушы, журналист Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы

Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері

Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Жангелді ауданы, Қостанай облысында дүниеге келген. 1937 жылы 8 желтоқсанда Алматы қаласында қаза тапқан. Ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.

Қасым Аманжоловтың өлеңдері

Қасым Рақымжанұлы Аманжолов (10 қазан 1911, Қарқаралы уезі — 18 қаңтар 1955, Алматы) — қазақтың аса ірі ақындарының бірі.

Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдері

Ақын Тұманбай Молдағалиев 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында туған. 2011 жылы, 10 қазанда дүниеден озды. Қазақ поэзиясының жарқын өкілдерінің бірі – Тұманбай Молдағалиев Қазақ Ұлттық Университеті, филология факультетінің түлегі. 1954 жылы «Украина қызына» деген алғашқы өлеңі жарық көрген.