Латынға көшу – ұлттық қауіпсіздік мәселесі
1926 жылы Бакуде алғашқы Түркі халықтарының құрылтайы өтеді. Сол кезде баяндама жасаған ғалымдардың дені «Латын әліпбиі тек қана ғылым мен білімнің дамуы үшін емес, туысқан халықтардың өзара ынтымақтастығын нығайту, сол арқылы Орталық Азиядағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында да аса маңызды рөл атқарады» деген пікір білдіреді. Бұл жиынға ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы да қатысқан болатын. Бір ғасыр бұрын сол құрылтайда айтылған ой-тұжырымдар күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Айналдырған 5-10 жылдың ішінде құрылтайға қатысқан қазақ, татар, өзбек, тіпті орыс ғалымдарын «түркі халықтарының мүддесін қорғап отырсыңдар» деп аяусыз жазалаған кеңес өкіметі түркі халықтарының бірігуінен ерекше қауіптенген. «Ертеде Түркістанды Тұран дескен» – деп жырлап (М.Ж), пантюркизм деген айыппен жазықсыз жазаға ұшыраған алаш арыстарының жазып қалдырған мол мұрасынан түркі халықтарының бірлігін насихаттайтынын аңғаруға болады. Сондықтан, «Тіл ұлттық идентификацияның негізі» екенін түсінген қоғам қайраткерлері мен ғалымдар латын әліпбиіне қалай болса да тәуекелге бел буып, тезірек көшіп кету керектігін айтып келеді. Қазіргі таңда латын әліпбиіне көшу қанша жерден ыңғайсыз, қолайсыз болса да, ұлттық мүдде тұрғысынан аса дұрыс шешім деген ойдамын. Осындай саяси мәселелерден бөлек латын әліпбиінің ақпарат алмасу мен IT заманындағы тиімділігін ескерсек, болашақ үшін, балаларымыздың шетелдің кез-келген елінде компьютерді ашып, латын әліпбиін қолданып, емін-еркін жүруіне мүмкіндік берер едік. Әлбетте, бұл менің жеке пікірім. Бұл пікірге 2015жылы АҚШ-та жүрген кезімде көз жеткізген едім.
Өздеріңіз білесіздер, осы уақытқа дейін үш әліпби ұсынылған болатын. Біріншісі диграф арқылы, екіншісі апостроф, үшіншісі акут арқылы таңбаланған. Бұл әліпбидің үшеуі де қоғамның сынына ұшырады. Біреуге оқығаны қиын, енді біріне жазуы қиын. Мүлдем керек емес деген пікір де бар. Осы пікірлерді ескергендіктен 2019 ж ҚР президенті Қ.Тоқаев әліпби мәселесіне аса қатты мән беріп, асықпай, халықтың көңілінен шықпаса тағы да жетілдіру ақажет болар деген ишарамен тіл мамандарына тапсырды. Тіл мамандары, филологтар, ғалымдар мен IT технологтар бірігіп, негіздемесі мен ережесін бекітіп, Ақорда жариялаған соңғы нұсқаны ұсынды. Үлкен ғалымдар мен мамандар жасағандықтан бұл нұсқаға өз басым сенім артамын. Әрине, балаларымыз мүлдем сауатсыз болатын болды деп алаңдаған ата-ананың уайымын, онсыз да хәлі мәз емес қазақ тілі тіптен жойылып кете ме деп қауіптенген түрлі зиялы қауым өкілдерінің де көңіл тебіренісін жақсы түсінемін. Бірақ, жеке пікірім, саяси астары мен маңызын ескерсек, латынға көшу мәселесі бұл қиындықтардың бәрінен де маңызды. «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» – деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі осындайда айтылса керек. Жалпы алғанда, балалар ағылшын тілінің әліпбиін біледі, сондықтан оқу мен жазудан ережесі әбден қалыптасып, көз бен қол үйренген кезде қиындық тудыра қоймайды деген ойдамын.
Қазақ тілінің латынға көшуі ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Көрші елдер тарапынан латынға көшсеңдер қазақ тілі тіпті құриды деген ақпараттық шабуыл болатыны айдан анық. Қарапайым ғана, латынға қатысты алғашқы ұсыныстар мен ақпараттар шыққан кезде «Қазақтар өз пиғылдарын көрсетті. Біз оларды бауыр санаған едік...» деген сыңайда пікірлердің туындауы осының дәлелі. Жалпы, мұндай саяси механизмдердің жұмысын әдебиетшілер мен тарихшылардан гөрі саясаттанушылардың талдағаны дұрыс шығар. Біз өзіміздің алашқа қатысты зерттеу жұмысымызда көрген тәжірибеміз бен қазіргі жағдайдың өзара синтезін жасауы арқылы туындаған ой қорытулар негізіндегі тұжырымдарымызды айтып отырмыз. Пікір білдірудегі де ойымыздың бастауына да алаш идесын зерттеудегі тәжірибемізді негіз етіп отырмыз. Бір ғасырда бір емес, бірнеше рет әліпбиін ауыстырған қазақ тілі дәл латын әліпбиіне көшудің салдарынан құрып кетеді дегенге сенбеймін. «Өлген тіл саналатын иврит тілін еврейлер неге өлтіріп алды және қалай тірілтіп алды?» дегенге назар аударсақ, тілдің өміршеңдігі тек әліпби емес, көптеген факторлармен тікелей байланысты екендігін айқындайтын секілді.
Қарлығаш Әубәкір, Phd доктор