Жолдаманы Асхат ұтты, Демеу болса жеңілді

Malim Админ

  • 02.08.2021

Токио Олимпиадасында грек-рим күресінен тағы бір балуанымыз жарыс жолынан шығып қалды. 77 келде өнер көрсететін Демеу ЖАДЫРАЕВ жапондық балуан Якибу СОХЕЙГЕ жеңіліп қалды.  

Қазақ спортшысыынң алғашқы белдесуі  5:3 есебімен аяқталды. Жалпы, бұл салмақта олимпиада жолдамасын Асхат ДІЛМҰХАМЕДОВ жеңіп алған еді. 2019 жылы астанада өткен әлем чемпионатында Асхат жартылай финалға жеткен болатын. Іріктеу кезеңінде олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, төрт дүркін еуропа чемпионы ресейлік Роман ВЛАСОВТЫ жеңген. Алайда, бапкерлер Токиоға Демеу Жадыраевты апарды.

Демеудің жеңілісінен кейін жанкүйерлер бапкерлер қателік жасады деп жатыр. Төрт жылда бір өтетін додаға Асхаттың өзін апару керек дейді.

Ал ұлттық құраманың бас бапкері Бақтияр БАЙСЕІТОВ шәкірттерім жаттықтырушылардың тапсырмасын орындамағасын жеңіліп қалды дейді.  

«Кеше Мейрамбек Айнағұлов жаттықтырушылар тапсырмасын орындамады. Біз қатаң ескертіп, тыйым салған әдіс-тәсілді кілемге шыққан сәтте-ақ істеп, өз қатесінің кесірінен қарсыласына жол берді. Бізге ыңғайлы болатындай күрес стилін түсіндіріп, оған жеткізгенімізбен, біздің тапсырмамызды кілемге шыққанда орындаған жоқ. 

Бүгін Демеу Жадыраев белдесуді ұпай санымен жеңіп тұрған болатын. Белдесудің соңғы сәтінде қарсыласына есе жіберді. 30 секундтық үзіліс болған кезде бәрін түсіндіріп, белдесуді соңына дейін бермей, бақылауға алу керегін айттық. Демеудің дәл осылай соңғы сәтте әдіске түсіп, қарсыласына ұпай сыйлағанын біз де түсіне алмадық.

Ертең Нұрсұлтан Тұрсынов белдеседі. Күрестің қандай болатынын кілем көрсетеді», - дейді бас бапкер Бақтияр Байсейітов.

Грек-рим күресінен Олимпиада ойындарына Қазақстан үш-ақ  жолдама жеңіп алған. Токио Олимпиадасына 60 келіде Мейрамбек Айнағұлов, 77 келіде Демеу Жадыраев алғашқы айналымда жеңілді. Ертең, 3 тамыз күні 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрсұлтан ТҰРСЫНОВ боз кілемге шығады