Қырғызстанда экс-президент Алмазбек Атамбаевтың ұлы екі айға қамауға алынды. Ол жаппай тәртіпсіздікке қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған, деп Malim.kz тілшісі 24.kg сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бішкектегі Бірінші май аудандық сотында жаппай тәртіпсіздік ісі бойынша бірнеше күдіктінің қамауда ұстау шарасын өзгерту туралы тергеу өтініші қаралды. Сот тергеу органының өтінішін қанағаттандырып, Темирлан Султанбеков, Эрмек Эрматов және Урмат Аскарбековті (Урмат Барықтабасов тегі өзгертілген) 17 қаңтарға дейін қамау туралы шешім шығарды.
Осы шешіммен қатар, экс-президент Атамбаевтың ұлы Қадырбек Атамбаев, сондай-ақ Шайлообек Атазов пен Кубанычбек Кадыров та 17 қаңтарға дейін тергеу изоляторына жабылды.
Қадырбек Атамбаев өзіне тағылып отырған айыптың ауырлағанын хабарлады. Оның айтуынша, оған енді "билікті күшпен басып алуға әрекет жасау" бабы бойынша айып тағылып отыр.