Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысу үшін Швейцарияға ұшып шыққан АҚШ президенті Дональд Трамптың ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай "электр жүйесіндегі ұсақ ақауға" байланысты Мэриленд штатындағы Эндрюс әскери базасына қайта оралған. Бұл туралы Azattyq жазды.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитттің айтуынша, ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай экипаж "сақтық үшін" кері қайтқан жөн деп ұйғарған. Ұшақтың бірнеше жарық шамы істемей қалған. Трамп Швейцарияға басқа ұшақпен аттанады деп айтылды.
АҚШ президенті мен оның кабинет мүшелері Давоста еуропалық лидерлермен бірқатар кездесу өткізуді жоспарлап отыр деген ақпарат болған. Келіссөздердің негізгі тақырыбы – Гренландия жайлы болмақ деген болжам айтылған. Трамп АҚШ қауіпсіздік мүддесіне байланысты бұл аумақты өз бақылауына алуы тиіс деп есептейді.