Шымкентте жол-көлік оқиғасынан кейін болған адам өлтіру ісі бойынша тағы үш күдікті ұсталды. Бұл туралы әлеуметтік желілерде адвокат Талғат Есімов мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Адвокаттың айтуынша, ұстау шарасын Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері жүргізген.
«Василий Колесниковты өлтіру дерегі бойынша тағы үш күдікті ұсталды. Олар Түркістан облысының Түлкібас ауданында жасырынып жүрген», – деп жазды Есімов.
21 қаңтарда полиция кісі өлтіру және бұзақылық күдігімен төрт ер адамның ұсталғанын хабарлаған болатын.
«Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр», – деп мәлімдеді құқық қорғау органдары.
Еске сала кетейік, 20 қаңтарда 40 жастағы ер адам пышақ жарақатынан көз жұмды, тағы бір адам ауруханаға жеткізілді. Бұл дерек бойынша «Адам өлтіру», «Бұзақылық» және «Адам ұрлау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.