АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияны АҚШ бақылауына алу жөніндегі жоспарын қолдаудан бас тартқан елдерге сауда баждарын енгізуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz NBC News-ке сілтеме жасап.
Президент Гренландия жайында ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел барысында айтты.
«Мен мұны Гренландияға байланысты да жасай аламын, — деді Трамп өз тарифтік саясатын талқылаудан кейін. — Егер елдер Гренландия бойынша жоспарды қолдамаса, оларға қарсы баж салығын енгізуім мүмкін, өйткені ол біздің ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет».
Алайда Ақ үй басшысы бұл мәлімдемесіне қатысты нақты егжей-тегжей келтірмеді.
Гренландияны бақылауында ұстап отырған Дания бұған дейін Трамптың аралды АҚШ-қа беру жөніндегі үндеуін қабылдамаған. Соңғы күндері аралға АҚШ-тың одақтасы саналатын бірқатар ірі еуропалық елдердің әскери бөлімшелері барғанын телеарна еске салды.
Сәрсенбі күні Дания мен Гренландияның сыртқы істер министрлері Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио және вице-президент Джей Ди Вэнспен келіссөздер жүргізді. Алайда арал мәселесіне қатысты АҚШ-тың ұстанымын өзгерту мүмкін болмады. Келіссөздердің сәтсіз аяқталуынан кейін кейбір еуропалық елдер ол жаққа әскер жіберетінін мәлімдеді.
БАҚ дерегінше, Гренландияның сыртқы істер министрі Вивиан Моцфельдт Ақ үйде америкалық әкімшілік өкілдерімен кездесуден кейін берген сұхбат кезінде жылап жіберген. Ал Данияның сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен Вашингтондағы келіссөздерден соң Трамптың «Гренландияны жаулап алуға ниеті бар» екенін айтты.
Ол сондай-ақ Ақ үй басшысының АҚШ аралды бақылауына алмаса, онда «қытай эсминецтері мен сүңгуір қайықтары қаптайды» деген мәлімдемесін жоққа шығарды.