АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский арасындағы Флоридада өтуі тиіс кездесу екі сағатқа ертерек уақытқа ауыстырылды. Бұл туралы Ақ үй мәлімдеді, деп жазады Malim.kz.
Әкімшілік таратқан жаңартылған кестеге сәйкес, екіжақты кездесу жексенбі күні жергілікті уақытпен сағат 13:00-де өтеді. Бұған дейін келіссөздер 15:00-ге жоспарланған болатын. Іс-шара Палм-Бич қаласында, Трамптың гольф-клубы мен резиденциясы орналасқан аумақта өтеді.
Politico басылымына берген сұхбатында Ақ үй басшысы Украинадағы қақтығысты реттеу жөніндегі Зеленский ұсынатын кез келген бастама оның келісімінсіз күшіне енбейтінін атап өтті. Сонымен қатар Трамп тараптар арасында мәмілеге келу мүмкіндігін жоғары бағалады.
Осыған дейін Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков Киевтің қақтығысты аяқтау жөніндегі нұсқасы Вашингтонмен талқыланып жатқан тұжырымдамадан айтарлықтай өзгеше екенін айтқан. БАҚ дерегінше, 20 тармақтан тұратын құжатты журналистерге Зеленскийдің өзі ұсынған. Ондағы негізгі тармақтар мыналар:
- Ресей талап еткен жағдайда да әскерді шегіндірмеу;
- НАТО Жарғысының бесінші бабына ұқсас қауіпсіздік кепілдіктері;
- Запорожье атом электр станциясын Вашингтонмен бірлесіп басқару;
- Мәскеумен шабуыл жасамау туралы келісімге қол қою, бірақ оны Украина заңнамасында бекітпеу.
Сонымен бірге құжатта орыс тілінің мәртебесіне қатысты нақты тұжырымдар көрсетілмеген.