Бұл туралы Орталық Коммуникациялар Қызметінде Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беруге келген өңір әкімі Нұралхан Көшеров айтты.
Қыркүйек айында Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев футбол клубтарын жекеменшікке өткізу туралы пікір айтқан болатын.
«Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға баса мән беремін. Аймақтарда спорт нысандары бой көтеріп жатыр. Үйірмелер балаларға қолжетімді бола бастады. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға және егде адамдарға арналған спорт клубтары ашылып жатыр. Сондай-ақ кәсіби спорт саласында оң өзгерістер болып жатыр. Мен бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады. Бұл – өз спортшыларымызды қолдауға арналған маңызды қадам», -
деген еді ел президенті.
Осы орайда өңір басшысы биылдан кейін "Тұран" футбол клубынан басқаларымен байланыс болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, клубтар бұл туралы ескертілген. Ал "Тұран" клубының өзін қаржыландыруға қазір бір әлеуетті инвестор бар екен. Нұралхан Көшеров ол инвестормен жұмыс келіссөздер кезеңінде екенін атап өтті. Сонымен бірге, "Тұранның" жақын арада сатуға шығарылатынын мәлімдеді. Ал бұдан ауысып қалған қаржы басқа мақсаттарға жұмсалмақ. Сонымен бірге, әкім келесі жылдың наурыз айына дейін футбол клубтарын жекеменшікке өткізу аяқталатынын атап өтті.