Түркияның Санлиурфа қаласындағы мектепте болған қарулы шабуыл салдарынан 16 адам жараланды. Күдікті осы оқу орнының бұрынғы оқушысы болып шыққан. Оқ жаудырғаннан кейін өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл туралы Turkiyetoday.com порталы хабарлады.
2026 жылғы 14 сәуірде Санлиурфа қаласының Сиверек ауданындағы Ахмет Коюнджу атындағы кәсіптік-техникалық лицейде қарулы шабуыл болды. Қайғылы оқиға салдарынан 16 адам жарақат алды, олардың басым бөлігі оқушылар.
Алдын ала мәлімет бойынша, шабуылды осы мектептің 2007 жылы туған бұрынғы оқушысы жасаған. Ол оқу орнының аумағына кіріп, помпалы мылтықпен бейберекет (аңшылықта, спортта және құқық қорғау органдарында (полиция) жақын қашықтықта резеңке немесе бытыра оқтармен ату үшін қолданылады) оқ жаудырған. Кейін күдікті өз-өзіне қол жұмсаған.
Хасан Силдак мәлімдеуінше, жараланғандар қатарында 10 оқушы, 4 мұғалім, 1 полиция қызметкері және асхана қызметкері бар. Барлығы Сиверек мемлекеттік ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер олардың жағдайын бақылауда ұстап отыр, кейбірінің хал-жағдайы ауыр деп айтылған.
Куәгерлердің айтуынша, күдікті алдымен мектеп ауласында оқ атқан, кейін ғимарат ішіне кіріп, оқуды жалғастырған. Оқиға кезінде оқушылар арасында үрей туып, көбі мектептен жаппай қашып шыққан. Кейбір мәліметтерде күдіктінің қысқа уақытқа оқушыларды кепілге алуға әрекеттенгені де айтылған.
Алдын ала деректерге сәйкес, шабуыл алдында күдікті танысымен жанжалға түскен. Осыдан кейін ол қару алып, мектепке келген болуы мүмкін.
Түркияның ішкі істер министрлігі оқиғаға байланысты ауқымды тергеу басталғанын хабарлады. Құзырлы органдар қарудың қайдан алынғанын, сондай-ақ шабуылдың нақты себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.
Қазір оқиға орны қоршауға алынып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Билік тұрғындарды сабыр сақтауға шақырып, ресми ақпаратқа ғана сенуге кеңес берді.