Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғалы бері талапкерлер 187 мың рет сынақ тапсырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Төртінші аптаның қорытындысы бойынша тестілеуге қатысушылардың 67 пайызы шекті баллдан жоғары нәтиже көрсеткен.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бес пән бойынша орташа көрсеткіш 64 баллды құрады. Ал ең жоғары нәтиже – 140 балл. Бұл көрсеткішке Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир қол жеткізді.
Биылғы тестілеуде талапкерлердің басым бөлігі қазақ тілін таңдаған. Атап айтқанда, қатысушылардың 73 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырса, 27 пайызы орыс тілін таңдаған. Сонымен қатар, 323 талапкер ағылшын тілінде тест тапсырған.
Тестілеу барысында академиялық адалдық талаптарын бұзу деректері де тіркелді. Қазіргі уақытқа дейін барлығы 391 ереже бұзу жағдайы анықталған.
Оның ішінде 246 талапкер смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет жасағаны үшін тестілеуден шеттетілді.
Сондай-ақ 145 адам тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.
Министрлік өкілдері тестілеу барысында бақылау шаралары жалғасатынын және академиялық адалдық қағидаларын сақтау талапкерлер үшін міндетті екенін атап өтті.