АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф алдағы демалыс күндері Берлинде Украина президенті Владимир Зеленскиймен және Германия, Франция, Ұлыбритания басшыларымен кездеседі, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Бұған дейін Ақ үй келіссөздер «уақыт жұмсауға тұрарлық» болған жағдайда өз өкілін жіберетінін хабарлаған.
The Wall Street Journal басылымының 12 желтоқсанда дереккөздерге сілтеме жасап жазуынша, Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы әрі кеңесшісі Джаред Кушнер Германия, Франция және Ұлыбритания өкілдерімен 14–15 желтоқсан күндері келіссөздер өткізуді жоспарлап отыр. Кездесулердің нақты басталу уақыты көрсетілмеген. Бұл ақпаратты кейін Ақ үй өкілі AFP агенттігіне растады.
Келіссөздер аясында Уиткофф Германия канцлері Фридрих Мерцпен, Франция президенті Эмманюэль Макронмен, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен, сондай-ақ Украина бойынша бейбіт келіссөздерге қатысып жүрген басқа да еуропалық өкілдермен жүздеседі.
Бастапқыда еуропалық көшбасшылар демалыс күндері АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесу өткізуді жоспарлаған. БАҚ бұл кездесу 13 желтоқсанда Парижде өтеді деп хабарлаған еді. Алайда Польшаның RMF радиосы Елисей сарайындағы дереккөзге сілтеме жасап, аталған күні Франция астанасында мұндай іс-шара жоспарланбағанын мәлімдеді.