Украина мен Ресей кезекті рет әскери тұтқындармен алмасты. Тараптар 300-ге 300 формуласы бойынша тұтқындарды айырбастаған, деп хабарлайды Malim.kz.
Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді. Ақпаратты Ресей Қорғаныс министрлігі де растады.
Зеленскийдің айтуынша, 300 әскери қызметшімен қатар Украинаға екі бейбіт тұрғын да қайтарылған. Оның сөзінше, олардың басым бөлігі Ресей тұтқынында бір жылдан астам уақыт болған, ал кейбірі 2022 жылдан бері ұсталған.
«Біз ешкімді ұмытпаймыз және барлық азаматтарымызды міндетті түрде қайтаруымыз керек», – деді Украина президенті.
«Новая Газета. Европа» басылымына «Наш выход» қозғалысының үйлестірушісі Ирина Крынина алмасу кезінде қатысқанын айтып, айырбасқа түскен әскери тұтқындардың жартысынан көбі 2025 жылы, ал қалғандары 2024 жылы тұтқынға түскенін жеткізді.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, тұтқындар алмасуы АҚШ пен Біріккен Араб Әмірліктерінің қатысуымен жүзеге асқан. Қазіргі уақытта ресейлік әскери тұтқындар Беларусь аумағында орналасқан.
Айта кетейік, 5 наурызда Ресей мен Украина Женевадағы келіссөздер аясында 200-ге 200 формуласы бойынша да тұтқындармен алмасқан болатын.
Ал бұған дейінгі алмасу 2026 жылдың ақпан айының басында өтіп, екі тарапқа да 157 әскери тұтқын қайтарылған еді.