freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Украина шабуылынан кейін Ресейде көмір экспорттайтын кемелер азайды

Әлем
Украина шабуылынан кейін Ресейде көмір экспорттайтын кемелер азайды
Thomas Peter/REUTERS

Ресейден көмір экспорттауға арналған кемелердің қолжетімділігі шілде айының соңына қарай айтарлықтай қысқарды. Бұған Қара теңіздегі кеме қатынасына төнген қауіптің күшеюі себеп болды. Негізгі себеп – өңірде украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) шабуылдарының жиілеуі. Бұл туралы  Malim.kz  «Коммерсант» газетіне сілтеп  хабарлайды.

Басылым келтірген Баға индекстері орталығының (ЦЦИ) деректеріне сәйкес, көмір сияқты сусымалы жүктерді тасымалдайтын балкер кемелерінің бос саны бір ай ішінде 21 пайызға, ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға азайған. Қазіргі уақытта жүк тасымалымен барлығы 97 кеме айналысып отыр.

Осы жағдайдың аясында, ЦЦИ мәліметінше, соңғы бір апта ішінде ресейлік экспорттаушылар Қара теңіз арқылы көмір сатуға байланысты бірде-бір жаңа келісім жасамаған.

Нарықтағы алаңдаушылықты түрік құрғақ жүк кемесіне жасалған шабуыл күшейтті

Нарық қатысушыларының айтуынша, сақтандыру компаниялары Азов–Қара теңіз бассейніне кіретін кемелерді сақтандырудан бас тартып жатыр. Соның салдарынан ірі тоннажды кемелер басқа теңіз аймақтарына кетуге мәжбүр болса, шағын тоннажды балкерлер уақытша пайдаланудан шығарылып, тоқтап тұр.

Кеме иелерінің алаңдаушылығы 22 шілдеде Ресейдің Тамань портынан Түркияның Трабзон қаласына бағыт алған, ресейлік көмір тиеген түрік құрғақ жүк кемесіне жасалған әуе шабуылынан кейін одан әрі күшейді, деп жазады «Коммерсант».

Осындай жүк тасымалдайтын кемелер тапшылығы Жапон теңізінде де байқалып отыр. Оңтүстік Корея тарапынан ресейлік көмірге сұраныстың артуы және Panamax санатындағы бос кемелердің жетіспеушілігі салдарынан Восточный портынан жүк тасымалдау құны бір апта ішінде 5–10 пайызға өсті.

Сарапшылардың пікірінше, логистикалық қиындықтар ресейлік көмірдің әлемдік бағасының өсуіне ықпал етуі мүмкін. Алайда бұл бағаның өсуі экспорттаушылардың көлік шығындарының артуын толық өтей алмайды.

Украина Қарулы күштері «Росатомның» контейнерлік кемесін суға батырды

Украина Қарулы күштері (ҚК) 1 тамызға қараған түні Қара теңізде Киев санкция салған «Росатом» компаниясына тиесілі «Янина» контейнерлік кемесін суға батырды. Бұл туралы Украина Президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.

Оның айтуынша, сыйымдылығы 100 мың тоннадан асатын кеме теңіз түбіне кеткен.

«Росатом» компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Украина Қарулы күштерінің екі дроны кеме халықаралық суларда, Новороссийскіден шамамен 130 теңіз милі (240 шақырымдай) қашықтықта жүзіп келе жатқан кезде шабуыл жасаған.

Компания басшысы Алексей Лихачевтің айтуынша, контейнерлік кеме халықаралық сулар арқылы мұздатылған азық-түліктен бастап құрылыс және әрлеу материалдарына дейінгі азаматтық жүктерді тасымалдап бара жатқан.

Кеменің 17 экипаж мүшесінің барлығы құтқарылып, олардың жағдайы қанағаттанарлық деп хабарланды.

Украина: Ресейдің жүздеген танкеріне соққы берілді

Украинаның Ұшқышсыз жүйелер күштерінің (СБС) қолбасшысы Роберт «Мадяр» Бровди 30 шілдеде хабарлағандай, 6 шілдеден бері жүргізіліп жатқан «МоЛоЧКа» операциясы аясында Ресейдің 205 танкеріне соққы жасалған. Оның ішінде 130 танкер Азов теңізінде, ал 75 танкер Қара теңізде орналасқан.

Оның айтуынша, бұл шабуылдар Ресейдің астық экспортын да бұза бастаған. Егер шабуылдардың қазіргі қарқыны сақталса, Ресейдің бидай экспорты 30–35 миллион тоннаға қысқаруы мүмкін. Бұл әлемдік астық саудасының жалпы көлемінің шамамен 15 пайызына тең екенін Reuters агенттігі бұрын хабарлаған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу