freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Үлкен қайғысы ұлғаймаса, азаймай тұр": Нұрғали Нүсіпжанов жүрек ауыртар шындықты айтты (ВИДЕО)

Қоғам
"Үлкен қайғысы ұлғаймаса, азаймай тұр": Нұрғали Нүсіпжанов жүрек ауыртар шындықты айтты (ВИДЕО)
Malim.kz коллажы

Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов өмірден өткен енесін еске алып, әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі жары Жадыраның анасынан айырылғанына жеті ай болғанын айтып, оның жүрегіндегі сағыныш пен қайғы әлі сейілмегенін жеткізді. Әнші жұбайының анасы өмірден өткен күнді әлі күнге дейін ұмыта алмай жүргенін жазды. Оның айтуынша, Жадыра сол ауыр сәтті сағатына, тіпті минут-секундына дейін есінде сақтап қалған.

"Аманат арқалатқаныңызға 7 ай толды, жан-ана. Әр айдың жиырмасында Жадырам: "Көке, ертең жиырма бірі ғой", – дейді. Анасынан айрылған күнді сағатына, тіпті минут-секундына дейін есінен шығара алар емес… Жеті айдан бері солай…

Жарығым, қарашаның жиырмасында қара жамылды, жиырма бірі қасиетті жұма күні Ақ Мамасын қара жердің қойнына тапсырды. Анасының жүрегі тоқтаған сәтте сәуле берер шырақ, шамсыз қалған шарасыз Жадыраны көрдім. Жас ұялаған жанарынан, жәутеңдей қараған жәудір көзінен бір демде тұлдыр жетімдіктің табын байқадым. Екеуміздің кеудемізді мұнар мұң басқалы желдей есіп жеті ай өтті… Жан-жарымның кішкентай жүрегіндегі үлкен қайғысы ұлғаймаса, азаймай тұр. Жадыраның асқар тауы құлағалы қай заман, ал мәуелі бәйтерегі сұлағалы жеті ай… Ақ сүт берген асылынан айрылғалы жеті ай… Жарық дүниесін қара түнек алмастырғалы жеті ай… Алладан кейінгі жанашырын жоғалтқалы жеті ай… Атын тұмар қып таққан Ақ Мамасын жоқтағалы жеті ай… Айтып келмейтін ажалмен бетпе-бет жолыққалы жеті ай… Қиналып тағдырға бағынғанына да жеті ай… Сағыныштың сал шекпенін жамылғанына да жеті ай… Ой-мұңға қамалғанына да жеті ай… Көкешім-ау: "Мен бұрын дәл осылай бақытсыз болмаған ем" деп егілгелі жеті ай өтті… "Еркелігім біткен күн", – деп езілгеніне де жеті ай өтті… "Қара жерді басуға қаймығам, өйткені астында ата-анам жатыр ғой, – деп күңіренгеніне жеті ай өтті… Зар-мұңын күрсініске жеңдіргеніне жеті ай өтті… Шемен боп қатқан шерін тарқатпай жүргеніне де жеті ай өтті... "Мені ауыртып алмайын", – деп үнсіз күйзелгеніне де жеті ай өтті… Шыбын жаны шырылдап, қайғыға батып қасіретінен қан жұтқанына да жеті ай өтті…" – деп жазды Нұрғали Нүсіпжанов.

Еске сала кетейік, Нұрғали Нүсіпжанов әлеуметтік желіде денсаулығына байланысты ой-толғамымен бөлісіп, көпшілікті тебіренткен еді. Сондай-ақ Нұрғали Нүсіпжанов жұбайы Жадыра Сейдеш екеуі жаңа жобаны бірге қолға алғанын айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялаған болатын. Сонымен қатар бұған дейін Нұрғали Нүсіпжанов жүрегіне ота жасатқанын да жазған едік.

Нұрғали Нүсіпжанов – қазақ ән өнерінің абызы

Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов – қазақ музыка өнерінде өшпес із қалдырған дара тұлғалардың бірі. Ол 1937 жылы 5 қаңтарда қазіргі Жетісу облысы Кербұлақ ауданындағы Доланалы ауылында дүниеге келген. Қарапайым шопан отбасында тәрбиеленген болашақ әнші бала кезінен өнерге жақын болып өсті. Мектеп қабырғасында жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, әншілік қабілетін ерте танытты.

Жас Нұрғалидың өнерге деген ынтасы мен дарыны түрлі байқауларда байқала бастайды. Оның талабын көрген мамандар Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсуге кеңес береді. Осы оқу орнында ол Қазақ КСР халық әртісі Надежда Самышинадан дәріс алып, кәсіби әншілік шеберлігін шыңдады.

Консерваторияны бітірген соң Нұрғали Нүсіпжанов еңбек жолын Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында бастады. Кейін Қазақ теледидары мен радио хабарларын тарату комитетінде қызмет етіп, редакторлықтан бөлім меңгерушісі қызметіне дейін көтерілді. 1976 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне жетекші әнші болып қабылданып, осы ұжымда ұзақ жылдар бойы еңбек етті.

Әншінің шығармашылық жолында Нұрғиса Тілендиевтің туындылары ерекше орын алады. Оның орындауындағы "Саржайлау", "Ақ құсым", "Жетісуым", "Қапшағай" секілді әндер халық жүрегінен орын алып, ел арасына кеңінен тарады. Сонымен қатар ол М. Маңғытаев, Ә. Бейсеуов, Қ. Қуатбаев, Т. Базарбаев және басқа да белгілі композиторлардың шығармаларын жоғары деңгейде орындап, қазақ ән өнерінің өркендеуіне зор үлес қосты.

Нұрғали Нүсіпжанов қазақ әнін тек ел ішінде ғана емес, шетел сахналарында да асқақтатты. Өнер иесі Швеция, Финляндия, Моңғолия, Түркия, Германия, Қытай, Польша, Алжир сияқты бірқатар мемлекетте концерт қойып, ұлттық өнерді әлем жұртшылығына танытты.

Қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін Нұрғали Нүсіпжанов "Қазақстанның халық әртісі" атағына ие болып, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Сондай-ақ "Парасат" және "Құрмет" ордендерімен марапатталды. Бүгінде ол қазақ ән өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, халықтың ерекше құрметіне бөленген өнер майталманы ретінде бағаланады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу