freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Ұлттық қор экономикаға қалай жұмыс істей алады?

Экономика
Ұлттық қор экономикаға қалай жұмыс істей алады?
Фото: pixabay

Қазақстанда Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың жаңа тәсілі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.

2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері 63,9 млрд долларды құрады. Ал бір жылдағы инвестициялық кіріс 8,7 млрд долларға немесе 15,1%-ға жетті. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. Салыстыру үшін, 2007–2024 жылдары қордың орташа жылдық кірістілігі шамамен 3% болған.

Сарапшылардың айтуынша, Ұлттық қор қаражатын инвестициялау кезінде дәстүрлі түрде консервативті стратегия қолданылады. Активтердің едәуір бөлігі салыстырмалы түрде қауіпсіз, бірақ кірістілігі төмен құралдарға орналастырылады. Соның салдарынан қордың экономиканы тікелей ынталандыру мүмкіндіктері шектеулі болып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін мұндай тәсілді қайта қарау қажеттігін атап өткен болатын. Оның пікірінше, Ұлттық қор қаражаты тек сақталып қана қоймай, халықтың игілігіне қызмет етіп, елдің дамуына ықпал етуі тиіс.

Мүмкін болатын тәсілдердің бірі – қор қаражатын екі бағытқа бөлу: оның бір бөлігін болашақ ұрпақ үшін сақтап қалу, ал екінші бөлігін ұзақ мерзімді экономикалық және әлеуметтік нәтиже беретін жобаларға бағыттау. Мұндай жобаларға мектептер, ауруханалар, инфрақұрылым нысандарын салу және энергетиканы дамыту жатады.

Қазақстандық энергетикалық жөндеу, жобалау, инжинирингтік компаниялар және энергетикалық жабдық өндірушілері қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов Ұлттық қор қаражатын белсендірек пайдалану идеясын қолдады.

«Президенттің Ұлттық қор қаражатын Қазақстанды “үлкен құрылыс алаңына” айналдыруға бағыттау қажеттігі туралы пікірімен толық келісемін. Егер тек бюджетке сүйенетін болсақ, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар ондаған жыл бойы салынуы мүмкін», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, қосымша ресурстар энергетиканы дамыту үшін де қажет. Атап айтқанда, сарапшы жаңартылатын энергия көздері негізіндегі шағын генерацияны перспективалы бағыт ретінде атады. Бұл үшін, Ағафоновтың пікірінше, отандық қолжетімді қаржы құралдары, соның ішінде «Өрлеу – лизинг» бағдарламасы қажет.

Сарапшы сондай-ақ жобаларды іске асыру кезінде қазақстандық тауар өндірушілерге басымдық беріп, қаражаттың игерілуін цифрлық технологиялар арқылы бақылаудың маңызын атап өтті.

«Экономиканы тиімді жаңғырту үшін Үкіметке ресурстар қажет. Ұлттық қор қаражаты – осындай ресурстардың бірі», – деді Сергей Агафонов.

Оның айтуынша, цифрлық мониторинг қаражаттың игерілуінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Отын-энергетика кешені мен құрылыс саласында 2029 жылға қарай нысандардың 70%-дан 100%-ға дейінгі бөлігін цифрлық мониторинг жүйесіне қосу жоспарланып отыр.

Осылайша, мәселе Ұлттық қор жинақтарын жай ғана жұмсауда емес, қаражатты сақтау мен жаңа экономикалық құндылық қалыптастыру үшін пайдаланудың арасындағы теңгерімді табуда болып отыр.

Тиісті бақылау болған жағдайда инфрақұрылым мен өндіріске салынған инвестициялар халықтың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, экономикалық өсудің берік негізін қалыптастыра алады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу