2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап шетелде жүрген Қазақстан азаматтарына паспорт рәсімдеу тәртібі жаңарады. Бұл өзгеріс Қазақстан аумағында ХҚКО арқылы паспорт алатын азаматтарға емес, шетелдегі елшіліктер мен консулдықтар арқылы құжат рәсімдейтіндерге қатысты. Тиісті өзгерістер ҚР Сыртқы істер министрінің бұйрығымен бекітілген.
Жаңа тәртіп бойынша цифрлық жүйеге қолжетімділігі бар дипломатиялық өкілдіктерде паспорт рәсімдеу процесі электронды форматқа көшіріледі. Құжаттар деректер базасы арқылы тексеріліп, электронды формуляр Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметіне жіберіледі. Көші-қон қызметі формулярды бес жұмыс күні ішінде тексереді, одан кейін паспортты дайындау кезеңі басталады.
Ал цифрлық жүйеге қолжетімділік болмаған жағдайда, құжаттар дипломатиялық пошта арқылы Қазақстанға жіберіледі. Бұл жағдайда ІІМ құжаттарды тексеріп, паспортты дайындауға 30 күнтізбелік күнге дейін жұмсайды, дайын құжат кейін СІМ арқылы шетелдегі дипломатиялық өкілдікке қайтарылады.