Қазақстанның бірінші ракеткасы, әлемнің екінші нөмірлі теннисшісі Елена Рыбакина Германияның Штутгарт қаласында өтіп жатқан WTA 500 Штутгарт турнирі финалына жолдама алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Жартылай финалда қазақстандық спортшы әлемдік рейтингте 9-орында тұрған ресейлік Мирра Андреевамен кездесіп, сенімді жеңіске жетті. Бұған дейінгі өзара матчтарда Андреева басым болғанымен, бұл жолы Рыбакина қарсыласына мүмкіндік қалдырмады.
Алғашқы сет тартысты өтті: есеп 4:4 болған сәтте Елена маңызды брейк жасап, партияны 7:5 есебімен өз пайдасына аяқтады. Екінші сетте қазақстандық теннисші толық басымдық танытып, 6:1 есебімен жеңісті түйіндеді.
Бір сағат 17 минутқа созылған матчта Рыбакина 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың төртеуін тиімді пайдаланды. Ал Андреева 3 эйс жасап, тек бір брейкпен шектелді.
Финалда Елена чехиялық Каролина Муховамен кездеседі. Ол өз кезегінде жартылай финалда украиналық Элина Свитолинаны үш сетте жеңді.
Айта кетейік, Рыбакина Штутгарт турнирінің финалына екінші рет шығып отыр. Ол 2024 жылы осы жарыста чемпион атанған. Жалпы, қазақстандық теннисші бұл турнирде қатарынан жеті матчта жеңіске жетіп отыр.
Финалға шыққаны үшін Елена Рыбакина кемінде 99 565 еуро сыйақы және 325 рейтингтік ұпай иеленді. Егер ол финалда жеңіске жетсе, жүлде қоры 161 310 еуроға дейін өсіп, 500 рейтингтік ұпайға ие болады. Сонымен қатар турнир жеңімпазына дәстүр бойынша демеушілер тарапынан автокөлік табысталады.