Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында ем алып жатқан тағы бір зардап шегуші көз жұмды, деп хабарлайды Malim.kz.
Kazinform агенттігінің жазуынша, Щучье қаласындағы «Палау орталығы» кафесіндегі өрт кезінде зардап шеккен тағы бір адам есін жимастан жансақтау бөлімінде қайтыс болған көрінеді.
Ер адам Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында ем қабылдаған және оның жағдайы аса ауыр болған. Оның өрт кезінде жоғарғы тыныс жолдары қатты зақымданған.
Ақмола облысы Бурабай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі пациенттердің жағдайы бақылауда екенін мәлімдеді.
Қайтыс болған адамның туған-туыстарына жан-жақты көмек көрсетіледі, оның ішінде жерлеу рәсімін ұйымдастыру да бар. Бұл іске «Палау орталығы» кафесі мен әкімдік те қатысады. Жерлеу шараларын ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті, — деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетейік, 26-27 ақпанға қараған түні Щучье қаласындағы кафеде газ баллоны жарылған болатын. Сол кезде алты адамның қаза тапқаны хабарланған еді.