110 күнге созылған блокададан кейін Ормуз бұғазы арқылы алғашқы супертанкерлер өте бастады. Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне тиесілі төрт кеме бортында сегіз миллион баррель мұнаймен Иран жағалауы бойындағы солтүстік дәліз арқылы қозғалды, деп хабарлайды Malim.kz Orda.kz сайтына сілтеп.
Сонымен қатар тағы бес ирандық кеме бұғазға кірді. Жалпы, қазіргі уақытта Ормуз арқылы жеті азаматтық кеме өткен.
Бұғаз АҚШ пен Иран арасында Версальда қол қойылған меморандумнан кейін қайта ашылды. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп құжатқа қол қойған соң:
«Мұнай – төмен болады», – деп мәлімдеп, бағаның төмендеуін ишаралады.
Ол 19 маусымнан бастап бұғаз толық жұмыс істеп, Парсы шығанағында «қамалып» тұрған мұнай әлемдік нарыққа қайта ағылатынын айтты.
Мұнай бағасы бірден төмендеді. 19 маусым таңында Brent маркалы мұнай барреліне 79,42 доллар болып, 0,54%-ға арзандады. Ал WTI бағасы 76,43 долларға дейін түсті. Екі көрсеткіш те бұған дейін үш айдағы ең төмен деңгейге жеткен болатын.
Сарапшылардың пікірінше, келісім нәтижесінде шығанақта тұрып қалған 85 миллион баррельден астам мұнай нарыққа қайта шығуы мүмкін. Кувейттің KPC компаниясы экспортқа қойылған барлық шектеулерді алып тастады, ал Ирак мұнай министрі кен орындары өндірісті қайта бастауға дайын екенін мәлімдеді.
Дегенмен, сарапшылар жағдай бірден тұрақталмайтынын ескертеді. Халықаралық энергетикалық агенттік бұл блокаданы «тарихтағы ең ірі жеткізілім үзілістерінің бірі» деп атады.
Бұғаздың жабылуы салдарынан Парсы шығанағындағы ірі мұнай өндірушілер өндірісті шамамен 45%-ға қысқартқан. Әлемде тәулігіне 100 миллион баррельден астам мұнай тұтынылады. Соғысқа дейін Сауд Арабиясы күніне 10 миллионнан астам баррель өндірсе, Ирак, Кувейт және БАӘ де шамамен сондай көлемде мұнай берген. Ал Иранның экспорты 3,5 миллион баррель болған.