Венесуэланың солтүстігіндегі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 188 адамға жетті. Тағы кем дегенде 1520 адам түрлі дәрежедегі жарақаттар алды. Жаңартылған мәліметтерді Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес мәлімдеді деп хабарлайды Malim.kz BAQ.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, 157 адам хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде. Сонымен қатар, табиғи апат салдарынан қираған ғимараттардың үйінділері астында әлі де 200-ден астам адам қалып қоюы мүмкін деген болжам бар.
Құтқару қызметтері зардап шеккен аймақтарда іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастыруда. Алайда, бұл жұмыстар жаппай қираулар мен зақымдалған нысандардың тым көптігінен қиындап отыр.
Биліктің алдын ала бағалауынша, жер сілкінісі 250-ге жуық ғимаратты толық немесе ішінара қиратқан. Табиғи апаттың салдары шамамен үш мыңдай отбасыға әсер етті.
Бұған дейін билік өкілдері 164 адамның қаза тапқанын және 971 адамның зардап шеккенін хабарлаған болатын, бірақ үйінділерді тазалау барысында құрбандар саны әлі де өсіп жатыр.
Еске сала кетейік, 25 маусымға қараған түні Венесуэланың солтүстігінде қуатты жер сілкінісі болды. Алғашында жерасты дүмпуінің магнитудасы 7,1 болғаны хабарланған еді. Кейінірек АҚШ Геологиялық қызметі шамамен 40 секундтық аралықпен магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі бірдей қатарлас жер сілкінісін тіркеді.
Табиғи апаттың ауыр салдарына байланысты Венесуэла билігі елде төтенше жағдай режимін жариялады.
Айта кетейік, ҚР СІМ Венесуэладағы жойқын жер сілкінісіне қатысты қазақстандықтарға мәлімдеме жасады.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Венесуэла Президентінің міндетін атқарушы Делси Родригеске айту жеделхатын жолдады.көңіл