Шымкенттік журналист Арай Есенбекке қатысты бейнежазба әлеуметтік желілерде кең тарады. Кадрларда бірнеше адамның оны әдейі арандатып, жасырын камераға түсіргені байқалады, деп хабарлайды Malim.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
Видеода Жанна Байсейітова мен Мейірбек Төлебаевтың журналистке қара дорбаға салынған ірі көлемдегі ақшаны ұсынғаны көрінеді. Алайда Арай Есенбек бұл ұсыныстан бірден бас тартқан.
Бейнежазбада Байсейітова: «Мен ер адам емеспін, бірақ саған не істеп жүргенімді айтып отырамын. Мейірбек, қолдарыңды алыңыздар», – деп ақшаны Төлебаевқа береді.
Осы кезде журналист өз ұстанымын ашық білдіріп:
«Сөмкеңе салып қой. Мен оны ала алмаймын», – дейді.
Сондай-ақ видеода Мейірбектің сыртқа шығып, екі ер адамға: «Арнайы екі камера орнатып едім. Алмады», – деген сөзі де жазылып қалған.
Еске сала кетейік, 24 сәуірде Арай Есенбекке қатысты сот үкімі шыққан. Сот шешімі бойынша ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Арай Есенбек еңбек жолын «Хабар» агенттігінде бастап, кейін «Оңтүстік» телеарнасында (бұрынғы «Қазақстан-Шымкент»), «31» арнада және «Азаттық рухы» басылымында тілші болған.
2020 жылы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалып, сондай-ақ қалалық Ақпараттық коммуникациялар орталығын басқарған.
Соңғы қызметтерінің бірі – өткен жылдың сәуіріне дейін «Amanat» партиясының Әл-Фараби аудандық филиалында атқарушы хатшы қызметі.