Еуроодақ саммиті аясында Брюссельде еуропалық әріптестері алдында сөз сөйлегеннен кейін журналистерге берген сұхбатында Украина президенті Владимир Зеленский келесі жылға арналған мемлекеттік бюджет тапшылығын жабу мәселесіне жауап қажет екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz УНИАН-ға сілтеме жасап.
«Біз Украина келесі жылға арналған қаржылық мүмкіндіктер жөнінде осы күндері жауапсыз қалмауы керек деген ұстанымда біргеміз, өйткені бұл – нақты қауіп. Тапшылық кемінде 45–50 миллиард доллар болады, тіпті одан да көп болуы мүмкін. Бұл, негізінен, Украинаның қорғаныс қабілетіне қатысты. Қауіп өте жоғары», – деп келтіреді президенттің сөзін УНИАН.
Зеленский Еуропалық одақ Украинаның шығындарын қандай форматта қаржыландыра алатынын нақтылаған жоқ. Алайда қаржыландыру болмаса, Украина ел ішінде әскери дрондар өндірісін бірнеше есе қысқартуға мәжбүр болатынын атап өтті. Сондай-ақ ол Ресей аумағындағы энергетикалық нысандарға алыс қашықтықтан соққы беру мүмкіндіктері де азаюы ықтимал екенін айтты.
«Алыс қашықтықтағы соққыларға келсек, бүгінде біз өз мүмкіндіктерімізді пайдаланып отырмыз және олар еуропалық әрі америкалық серіктестеріміздің энергетика саласындағы санкциялық пакеттерімен қатар жұмыс істеп тұр. Біз өз тарапымыздан Ресейдің энергетикалық ресурстарын азайту үшін барын салудамыз. Қаржыландыру болмаса, мұның бәрі тоқтайды», – деп келтіреді Зеленскийдің сөзін УНИАН.
Еске салайық, Украина президенті бұл мәлімдемені Брюссель қаласында өткен ЕО саммиті барысында жасаған.