Павлодар қаласында 13 жастағы мектеп оқушысын зорлау дерегі бойынша сот үкімі шықты. Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Нұрлан Айтбаев айыпталушыны 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қылмыс 2024 жылы болған. Ол кезде сотталушының өзі де кәмелетке толмаған студент еді. Студент пен жасөспірім қыз Instagram желісі арқылы танысып, араласа бастаған. Алайда, көп ұзамай айыпталушы қыздың үйіне келіп, күш көрсету арқылы қорлаған. Оқушы қарсылық көрсеткенімен, күші жетпеген.
Бірнеше күннен кейін студент қыздың үйіне достарын ертіп келген. Бұған дейін осы іс бойынша айыпталушының бір досы қыз зорлағаны үшін 10 жылға сотталған болатын.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы, 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылсын. Сондай-ақ, педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан 2 жылға айырылсын», — деп үкім шығарды сот төрағасы Нұрлан Айтбаев.
Сотталған студенттің қорғаушысы үкіммен келіспейді. Оның айтуынша, істе айтарлықтай дәлелдер жоқ. Қорғаушы тарап жақын арада апелляциялық шағым түсіруді жоспарлап отыр.