Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық сотында ел-жұртты дүр сілкіндірген атышулы іске сот нүктесі қойылды. Айыптау орынында 71 жастағы Келес ауданы Еңбекші ауылының тұрғыны отыр. Ол ағайынының 16 жастағы қызын қорлағаны үшін жауапқа тартылды. Бұл жөнінде Orda.kz жазды.
«Жәбірленуші мен сотталушы көрші тұрған. Қыздың анасы Астанаға, әкесі қарауыл болып мазаратқа кеткенде ол қыздың үйіне ұрланып кірген. Қыз бала үйінде сіңлісімен ғана қалған екен. Сөйтіп, туысын қорлайды. Алғашқы күні жасаған азғындығын ол үш күн қатарынан жалғастырады. Соңында жеткіншек жүкті болып қалған» - дейді судья Дәурен Мадалиев.
Тілші Назерке Еркінбекқызының жазуынша, Келестегі сұмдық оқиға бала дүниеге келген соң бір-ақ белгілі болды. Ауыл жұрты дүр сілкініп, ағайынының қызын азғындаған қарияны отбасымен қоса көшіп кетуін талап етті. Осыдан кейін полиция күдіктіні қамап, қылмыстық іс қозғалды.
Кәмелет жасына толмаған баланы зорлап, бөтеннің үйіне ұрланып кіргені үшін жауапқа тартылған сотталушы кінәсін сол күйі мойындаған жоқ. Есесіне сот медициналық сараптамасы жәбірленушіден туған бала сотталушының ұрпағы екенін 99,9 пайызбен дәлелдеді. Сөйтіп сот оны 15 жыл 6 айға соттады.
«Аталған баптар бойынша жаза мерзімі 15 жылдан 17 жылға дейін берілуі керек еді. Алайда Сот сотталушының денсаулығы мен ересек жасын ескеріп, 15 жыл 6 ай жаза мерзімін тағайындады», - дейді судья Дәурен Мадалиев.
Еске салайық, 2024 жылы болған жаға ұстатарлық жағдай 2025 жылдың қазанында бір-ақ белгілі болған еді. Жәбірленушінің әкесі мен сотталушының әкелері ағайынды. Әрі өздері көрші тұрған. Олар тергеу кезінде моральдық шығынды өтеп, сотта ол сұралмаған екен.
Зорлағанын мойындамаған сотталушы тағдыры тас талқан болған қыздан кешірім де сұрамапты. 71 жастағы туыс атасынан зорлық көрген қыз қазір 1 жастан асқан баласымен ауылынан безіп, Астанаға көшуге мәжбүр болып отыр.