Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеш төрағасы Нұрланбек Тургунбек уулу атына Қырғызстанда президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу жөнінде шұғыл бастама көтеру туралы үндеу жолданды. Құжатқа ғылым өкілдері, бұрынғы премьер-министрлер, экс-депутаттар және қоғам қайраткерлері бар 75 адам қол қойған, деп хабарлайды Malim.kz.
Дереккөздің мәліметінше, үндеуге қол қойғандар қазіргі мемлекет басшысы 2021 жылы ескі Конституция бойынша сайланғанын еске салады. Сол жылдың сәуір айында өткен жалпыұлттық референдумда жаңа Конституция қабылданып, онда президент бес жыл мерзімге сайланатыны нақты көрсетілген. Ал 2021 жылғы 5 мамырда күшіне енген "Қырғыз Республикасының Конституциясы туралы" заңда президенттік өкілеттіктер мерзімі мен жоғары лауазымға қайта түсу мүмкіндігіне қатысты арнайы түсіндірмелер берілген. Аталған заңның 3-бабының 1-тармағында: "2021 жылы алты жылға сайланған Қырғыз Республикасының Президенті өз өкілеттігін Конституцияға сәйкес жүзеге асырады. Алты жылдық мерзім осы Конституцияға сәйкес бірінші мерзім ретінде есептеледі" деп жазылған.
Хатта заңгерлер, құқықтанушылар мен саясаткерлердің пікірлері бұл мәселе бойынша екіге бөлінгені атап өтіледі: бір тарап мерзімінен бұрын сайлауды дауды шешудің жалғыз жолы десе, екінші тарап алты жылдық мерзімнің аяқталуын күту қажет дейді.
Үндеу авторлары мерзімінен бұрын сайлау өткізу әр түрлі түсіндірулерді, қосымша түсіндірмелерді, қоғамдық дауларды және Конституциялық сотқа жүгінулерді болдырмауға мүмкіндік береді деп санайды. Сондай-ақ хатта қазіргі биліктің бірқатар жетістіктері аталады: мемлекеттік шекара мәселесінің шешілуі, сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, елдің әлеуметтік дамуы, әскердің күшеюі.
Сонымен бірге авторлар жедел шешуді қажет ететін проблемаларды да көрсетеді: мемлекеттік қарыздың өсуі, бағаның қымбаттауы, жергілікті халықтың елден көшуі.
Үндеуге қол қойғандар қазіргі жоғары басшылық қызметінің алғашқы кезеңі логикалық тұрғыда аяқталған деген қорытынды жасайды. Олардың пікірінше, Қырғызстанның дамуына жаңа серпін қажет, сондықтан екінші кезеңге өту үшін мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу керек.