Ақын Исраил Сапарбайдың өлеңдері

Исраил Сапарбай - 1941 жылы 15 мамырда Өзбек КСР-нің Самарқанд облысындағы Кушрабад ауданында туған. Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты.

Malim Админ

  • 28.09.2024

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары, жаны жаздай жайраңдаған.
«Қыз өссе елдің көркі» деген сөзді
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам.

Намысын бермеу үшін жатқа қолдан,
Арулар аз болды ма атқа қонған.
Көңілде қалған сыз бар өткен күннен
Өмірде қалған із бар «Ақтабаннан»

Жасырмай айтар болсам жан сырымды,
Тағдырым қарауылға қанша ілінді.
Ерліктің қос қанаты деп білемін,
Аяулы Әлиям мен Мәншүгімді.

Пір тұтқан адамдықты, адалдықты,
Көркімен таң қалдырған тәмам жұртты.
Қыздардың қылығымен өмір қызық,
Қыздардың ғұмырымен арман құтты.

Сүймеген сені азамат – азамат па,
Көңілің тәрізді аппақ таза мақта.
Бәрін айт, бірін айт та – (ы)лайықсың,
Қазақтың қызы деген ғажап атқа.

 

КҮЗ, ҚЫЗ ЖӘНЕ МЕН

Көргенде жапырақтың сарғайғанын
Есiңе түседi екен қай-қайдағың...
Жаңғыртып жер мен көктi, тау мен тасты
Келедi жарым түнде айғайлағым.
Сарғайған сен бе,
Мен бе,
Жас қайың ба?
Жөн айтпай жөгi жалған қасқаюда.
Тəнiңдi таңға дейiн тамашалап,
Жанымды мен де бiр сəт ластайын ба?..
Көргенде жапырақтың үзiлгенiн,
Келген-ау менiң де ерте күзiм дедiм.
Қайтейiн бiр түнiмнiң түгесiлiп,
Қайтейiн кiрпiгiңнiң сүзiлгенiн.
Сарғайған жас қайың ба,
Сен бе,
Мен бе?
Ей, жүрек, есiңдi жи, емге көнбе!
Алдымда – алмағайып жолайырық,
Бiлмеймiн, желге ерем бе, жерге енем бе...
Көргенде жапырақтың қалқығанын,
Қарадай жаурап, тоңып, қалтырадым.
Желбуаз жер мен көктiң арасынан
Өзiмдi-өзiм таппай шарқ ұрамын.
Сарғайған сен бе,
Мен бе,
Қайың ба, əлде?
Сарғайсам...
Күз бен Қыздан айырмам не?!
Жас қайың жылап жатса – жазы өткен де,
Жас қайың құлап жатса – жай ұрған де!
Көргенде жапырақтың өртенгенiн,
Көмiлдi көк түтiнге көркем көңiл...
Барады көз ұшында дəурен көшiп,
Көзiңдi аш,
Есiңдi жи, еркем менiң...

 

ТЫЛСЫМ ТҮН

Жер неге қимылдайды, теңселмейді?
Теңселгенмен, бәрібір, ел сенбейді.
Қимылдасын,
теңселсін,
тербетілсін..,
Ертелі-кеш ғайыпқа енсем, мейлі...

Қимылдасын,
теңселсін,
тербетілсін:
Жеті түннің қойнында Жер де тылсым!
Екі көлден аумайтын екі көзім
Шексіздікке телмірсін, шерге тұнсын.

Шерден өзге не қалды Шермендеге?
Есіңді жи,
Ей, Ажал, ербеңдеме!
Қара түнді жамылып, қам-қайғысыз
Жатып алсам деп едім көр кеудеде.

Үнсіз, Күнсіз неге аспан үңірейді?
Үңірейген дүние тым үрейлі.
Афсана ма, аңыз ба, кім біліпті,
«Анау» жаққа кеткендер тірі дейді...

Өтірікке сенемін,
Шынды қайдам...
Сұмдық ойдан бір басым—күллі майдан!
«Мені алмасаң өзің біл, жанымды алшы...»
Одан өзге не тілер құл Құдайдан?..

Бір тылсым күш жетелеп әлдеқандай,
Жер мен көктің арасын жалғағандай.
...Неге қалғып кетпейін,
Кірпік ілмей
Әлди айтып отырса Алла анамдай...

 

ТЕРІСҚАҚПАЙ

Адамды адам айналды аямасқа,
Арызымды айтамын қай Алашқа?
Қорамсаққа қол салғым кеп тұрады
Айнамкөлде қос аққу аяласса.

Ұйқым шала,
Ой ащы,
Күлкім қайғы...
Көбесінен көгім де жыртылмайды.
Ақырзаман басына төнген білем,
Аспанымда алты қаз сұңқылдайды.

Сұңқылдайды алты қаз...
Оғым қайда?
Обыр өңеш,
Тоғышар тобыр майда.
Кенеземде Кейкінің кегі жатыр,
Төлеген де,
Тарғын да қорымжайда...

Өлке өлік болғанда,
Дала-кебін.
Қатпар-қатпар бір кезде қамал едім...
Бүлік шығып,
Ішінен ілік шығып,
Іріп-шіріп барады бар әлемім.

Базар қанша?
Кім білген?
Мазар қанша?..
Балбөбек те шетінер, назарланса.
Келешектің дәм-тұзы кімге қайыр?
«Келді...кетті...» дерсіңдер азар болса.

Мұқым жанның мұңы бар,
Наласы бар:
Алланың да ай, күні алашұбар.
...Менің өлкем қатпарлы қабыр болса,
Менің көрпем ақ қарлы Дала шығар?..

 

ШЕШІНШІ

Шешiншi,
Тал бойыңды қызықтайын,
Жатқандай жапырағын үзiп қайың...
Тағатын құлағыңа сырға дайын,
Салатын саусағыңа жүзiк дайын.
Жо-жо-жоқ!
Керегi жоқ ештеңенiң!
Балқаймақ бəденіңдi қош көремiн.
Ес-түссiз қунап жатқан, тулап жатқан
Естиiн жүрегiңнiң кешкi əуенiн.
Лүп-лүп-лүп...
Қандай жұмсақ, мəп-мəйiн үн?!
Ару мен ақ қайыңда жоқ па айырым?
Кешiршi, айналайын, аңсарымды,
Шешiншi, айналайын, Ақ қайыңым!..
Шешiншi...
Жаным, күнiм, шешiн, шешiн...
Денеңде – дегбiр, дертiм,
Төсiңде – есiм...
Сыр суын сирағыммен кешкiм келдi,
Кешiрсiн, Жаппар ием, кешiрмесiн.
Шешiншi,
Не көрсек те бiр көрелiк!
Iбiлiс iз кессе де үндемелiк.
Анадан туған осы қалпымызбен
Қып-қызыл отқа оранған түнге енелiк!
Шешiншi, көкем...

 

ЖҰПАРҒА

Тамағың пiсiп тұрса түсте сенiң,
Тарығып, мұнша əуреге түспес едiм.
Дəм түгiл талқан ғұрлы татымы жоқ
Сорпасын өзағамның iшпес едiм.
Үзiлiп тұрмаған соң емешегiм,
Тағдырмен таңнан тұрып егесемiн.
Қазақтың қамыр салған етi болса,
Палауын өзағамның жемес едiм.
Жау менен жоқ ежелден жатқа сенiм.
Жанымның жардан бөлек таппас емiн.
Қымызым қыз-қыз қайнап тұрса алдымда,
Орыстың ащы арағын татпас едiм.
Жайымды айтпай бiлiп тұрмағасын,
Жанымның табар дейсiң кiм дауасын.
Ташкенттiң талтүсiнен сая таппай,
Сағындым Алматының түнгi ауасын.
Қызығып қарамайды қыз десе кiм? –
Күнiне сол құрғырмен жүздесемiн.
Қасымда қалқатайым қатар жүрсе,
Көзiмдi көрiнгенге сүзбес едiм.
Тауқымет тағдыр салған бастан асты –
Соғамын тауға басты, тасқа басты.
Тəңiрiм мекендеген көк болмаса,
Тар екен ақындарға аспан асты,
Тар екен ақындарға аспан асты...

 

ОҢАШАДА ОЛЖАЛАП

Оңашаны олжалап,
Шеттеу жүрiп шертем мұң.
Тағдырын кiм болжамақ? –
Сүйдiм,
Күйдiм,
Өртендiм...
Өртендiм де басылдым,
Жек көр, мейлiң, жек көрме.
Тарыдайын шашылдым
Тауық пенен кептерге...
Арбалдым да алдандым,
Алдандым да айныдым.
Елi бар ма Арманның?
Емi бар ма Қайғының?
Қаңсып қалды кең арнам,
Көктен тамбай емге бұлт.
Бола алмадым мен арлан,
Бола алмадың сен де елiк.
Неғылайын бал ашып
Бар мен жоқты теңгерiп?
Ақыл қалды адасып,
Сезiм қалды сенделiп.
Махаббаттың орнына
Машақатым бiтпедi.
Өмiрiмнiң соңына
Алла қояр нүктенi.
Сумаңдаған жел күнi
Судырайды қамысым.
Əңгiмемiз ендiгi
Əрi жалған, əрi шын.
Дүниенiң кеңдiгi –
Жаһандағы мəңгiлiк.
Дүниенiң кемдiгi –
Жапандағы жаңғырық.
Жазылмайды «кеселiм»,
Ғашықсыз əн – далбаса əн!
«Махаббат жоқ!» десе кiм,
Абай сөзiн алға сал.