Ақын Сәкен Иманасов өлеңдері
Сәкен Иманасов 1938 жылы 2 мамырда Алматы облысы, Алакөл ауданындағы Талапкер ауылында туған. 2012 жылы дүниеден өтті. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2006), Алматы облысының және Алакөл ауданы мен Үшарал қаласының Құрметті азаматы.

КӨКТЕМ
Қызыл-жасыл жалауын желбіреткен,
сел ғып өткен айнала,
келді көктем,
"Шыр айналған дүние өмірімде,
Тәңірің де менмін, деп, ендігі өктем!" -
Қолына алып патшалық бар билікті,
аспаннан да асқақтау ән-күй күтті.
Жартастарға жан бітіп,
кетті-ау дейсің
арғымаққа айналып жал-құйрықты.
Қолтығына тығыла көлді ұрғылап,
бұлдана ма, қайтеді, мөлдір бұлақ.
Шөккен түйе секілді жоталардың
желкесінен жатқандай жел бұрғылап.
Әлі қыза қоймаған құмдарды аяп,
алдияр күн артады шындарға аяқ.
Еркін еді көңілім,
Желпінеді
көктем болып кетсем деп тұрғандай-ақ!
АЛМАТЫМ
Ақын біткен үзілдіре жырлаған
өрлі қалам, нәрлі қалам, нұр қалам.
Бүлкілдейді бұлбұл көмей бұлағың,
аспаныңда, тастарың да тұнған ән.
Асыл қалам, жасыл қалам, асқағым,
көңіл сенен ажырамас қас-қағым.
Бала жастан бауырыма басқаным -
Басарығың, Көкбазарың, Тастағың.
Жерұйығы,
жұмағына балап ұл
бас қалам деп бағаланды дара бір.
Ақордасы, Бақордасы қазақтың
Абай тұрған,
Жамбыл туған қала бұл!
Атынды да әлем танып, ел білген,
сен дегенде көңіл өсіп, жел кірген.
Өнегем деп, дөдегем деп қашанғы,
қала біткен бір әзіңе телмірген.
Жұмбақ
қалам, қымбат қалам - Алматым,
саған қарап сұқтанбаған
бар ма түн.
Сазынды да, назынды да көп тындап,
Жүрегімде жазылды да қалды атың...
ҚАРЫНДАШ
Қарындашымды алайын,
Қатырып үй салайын.
Қарағай мен қайыңға
Толтырайын маңайын.
Қарындашым ақылды-ақ,
Зымырайды мақұлдап,
Қалды, міне, үйіміз
Бітуге де жақындап.
ҚАСЫМ, ҚАСЫМ, ҚАСЫМДАР
«Дүниеге келер әлі талай Қасым».
Қасым Аманжолов
1
– Ақ қалпағы басында,
Атасы бар қасында,
Құлақтары қалқиып,
Мынау тұрған Қасым ба?
– Иә, дұрыс таныдың,
айтар болсам анығын,
Немерем ғой бұл менің,
Жұлдызды аспан – жарығым.
Күнім болар – күн десем,
Гүлім болар – гүл десем,
Өзімен де жалықпай,
Ұзақ-ұзақ тілдесем.
Өзі де бір елгезек,
(Дегеніңе сен де жет!)
Сөйлеп кете береді –
Бергенімше мен кезек.
«Ә, Құдайлап, Құдайлап!» –
Қасында оның жүр айлап.
Күндіз-түні жалықпай,
Қайдағыны сұрайды-ақ.
Өзі де бір ақылды-ақ,
Қояр емес тақымдап,
Қарсыласпай тыңдайды
Әр сөзіңді мақұлдап.
Ананы да сұрайды,
Мынаны да сұрайды.
Күлмей жауап бергенің
Оған тіпті ұнайды.
Өзі де бір ақылды,
Сөзі де бар татымды.
Жоқты-барды сұраумен
басымызды қатырды.
Мойындама, мойында,
Құмарлық көп бойында.
Мазаңды да алады,
жата қалса қойынға.
Ананы да сөз еттік,
Мынаны да сөз еттік,
Ойынға да жетеді
бойындағы өжеттік.
Сандуғаштың әнін бе,
Сәмбі талдың сәнін бе –
Білгісі кеп тұрады
Дүниенің бәрін де.
Айтқаныңа сенеді,
«айдауыңа» көнеді,
Қайда барсам, қасымнан
Қалмай еріп келеді.
Естігіш-ақ құлағы,
елеңдеп-ақ тұрады.
Қажет деген жауабын
алса ғана – тынады.
Толысқанша ойы әбден,
Дұрыс қой деп бұл әдет,
Көтермелеп қоям мен:
– Сұра, балам, сұра! – деп.
– Ал ендеше! – дегендей,
Сұрайды ол да бөгелмей,
(Елегізе бастайды,
Әр сөзіме сенердей).
Сұрақ қойғыш тосыннан,
айналайын осы ұлдан! –
Жауап бермей менің де
жерім бар ма тосылған?!
Міне, тағы шегелеп,
сұрап отыр, не керек, –
– Ата, менің атымды
Қасым қойдың неге? – деп.
– Сөзімізді сығымдап
айтар болсақ, бүгін нақ,
Қазақ, шіркін, атты да
қояды ғой ырымдап.
2
Ерте, ерте, ертеде,
Ешкі жүні бөртеде.
Қасым атты хан болған
арғы тегі – ер-төре.
Текті туар тектіңнен,
Сел ағызып от тілден,
Не істесе де, елім мен
Жерім үшін деп білген.
Еңіреп жүріп өртке енген,
Елімен бірге дерттенген,
Қазақты да ұшпаққа
шығарам деп серт берген.
Алғызбаған жауға да,
барғызбаған дауға да,
Ел-жұртының сау басын
салғызбаған саудаға.
Не істесе де – елі үшін,
шығартпаған теріс үн,
Қосынын да көбейтіп,
Кеңейтіпті қонысын.
Ұлықтаған – ұлықты,
ұмытпаған ғұрыпты,
Қой үстіне бозторғай
жұмыртқалап жүріпті.
Асып тудым демеген,
кісі ақысын жемеген.
Жетімдерге дем беріп,
Жесірлерді жебеген.
...Хандар да өткен басқа мол,
Заман да өткен нешелер,
«Қасым салған қасқа жол»
Содан қалған деседі ел.
3
Мұнар, мұнар, мұнар шың,
Мұнар шыңға құмарсың,
Қасым деген ақынды
естіген де шығарсың.
Асқақтатқан алашы,
Ақындардың дарасы,
Өзі айтқандай: «Аманжол,
Рақымжанның баласы».
Өлеңі үшін өрлеген,
өрт еді ғой ол деген!
Өзі барда ешкімге
Төрден орын бермеген.
Айтқанынан бұлтармай,
Асқақтады жыр-таңдай,
Көк пен жерді шарлады
Темір қанат тұлпардай!
Астындағы пырағы,
Алты алашы – ұраны,
...Өлең деген өлкенің
Туы болып тұр әлі!
4
Тағы бірі Қасымның –
Оққа байлап басын мың,
Ағын судың тұнығы,
сынығы еді асылдың.
Отаным деп от кешкен,
Көкірегін кек тескен,
Шайқасыпты жаулармен
жиырма жасқа жетпестен.
Жауды көрсе, ол тіпті
аш бөрідей жортыпты,
«Вася!» десе, дұшпаны
күндік жерден қорқыпты.
Аш бүйірден қадалып,
жан беріскен, жан алып.
...Түрі бөлек кісі еді,
тұла бойы даналық.
Өзі дерсің алыптың,
Қаһарманы халықтың,
Дара Батыр ағамның
бар сырына қанықпын.
Сөз суырған тереңнен,
кемел еді кемелден.
Одан өткен ерді де
көре қойған жоқ ем мен!
5
Бала едің ғой ақылды,
түсінгенің мақұл-ды.
Осыларды еске алғам,
қояр кезде атыңды.
Есіме алып Ақынды,
Қасым ханды, Батырды,
Ырым етіп өзімше
қойып едім атыңды.
Дарынды да, нөсерлі
Күндер өтер көші өрлі,
Өз атыңа лайық
Азамат боп өс енді!
* * *
«Дүниеге келер әлі талай Қасым»,
Кісіге Қасым болу қалай да сын.
Ата-ана баласына ат қоярда
Ескеріп осыларды, абайласын!
МЕНІҢ СЫРЫМ
Шынымен қалғаным ба ұятқа анық,
... Кеудемнен ағыл-тегіл күй ақтарып.
Өзіме құдіреттей сенбеуші ме ем,
Бір ерлік жасайтын-ақ сияқтанып.
Асыға,
Әппақ шыңға тиіп көңіл,
Шығатын сияқты-ақ ем биікке бір!..
Барады-ау дедектетіп,
Түк бітіртпей,
Зуылдап,
Зулап ағып,
Сүйікті өмір!
Көк дөнен көсіле бір ұшпады ма,
Алқынып,
қалғаным ба тұста мына?
Сенетін сияқты-ақ ем,
Жүрегімде
Жалғанды жалт қаратар күш барына!
Қуанып,
Қайғырып та бұл тірлікте,
Алдық та...
Бердік...
Көп іс бітірдік те.
Сонда да жанға тоят таппадық қой,
Көнбестен көңіл шіркін «шүкірлікке...»
Сонда да өзен біткен дұрысқа ақпай,
Жатқандай,
Қойды-ау жүрек тыныс таппай!
Бос сілтеп бұғалықты жүргендеймін,
Алтын жал арғымақ жыр бір ұстатпай.