Ақын Серікбай Оспанов өлеңдері
Серікбай Оспанов – 1945 жылы 1 сәуірде Торғай (қазіргі Қостанай облысы) облысындағы Жангелді ауданының «Шилі» кеңшарында, «Балдай» қонысында туған. Бірнеше жыр жинақтарының авторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

БӨДЕНЕ
Жүргенімде қой бағып,
Кеткен едім ойланып.
Дір еткізіп жүректі,
Кенет бір құс пыр етті.
Екен ғой бұл бөдене,
Қорқады екен ол неге?!
ҚҰР
Пысқырынғыш келеді,
Үні қызық, тұр тыңдап.
Төбелесе береді,
Қораздары құрқылдап.
Қыста оны ешкім таппайды,
Десем: «бәрі қашты ма?» –
Аязда жан сақтайды,
Тығылып қар астына.
КЕКІЛІК
Адам көрсе, қашады,
Сонша неге сасады?!
Жүреді ылғи далада,
Оған кім жем шашады?!
Жайлы жерді білмей ме,
Тыныш өмір сүрмей ме?
Ұқсайды ғой тауыққа,
Біздің үйде жүрмей ме?!
БАЛЫҚШЫ
Кейде суға шүйіліп,
Кейде биік заулайды.
Көктен төмен құйылып,
Көлден балық аулайды.
Әне, ол өзін танытты,
Көлге түсті қамысты.
Әкетті іліп балықты,
Балықшы құс – балықшы.
ҚЫРҒАУЫЛ
Соғып тұр ғой кіл дауыл,
Жауын-шашын күн де ауыр.
Үйге алып кетейін,
Қырда жүрген қырғауыл.
Апарайын бөлмеме,
Апарайын көрмеге.
Ұзын құйрық қырғауыл,
Ұстатпайсың сен неге?!