Швецияда Құранды өртеген Ирак азаматын өлтіріп кеткен
38 жастағы Момика Седертелье қаласында өлтірілді
Швецияда Ирактан келген босқын Салван Момикаға қастандық жасалды. Ол мұсылмандардың қасиетті кітабы – Құранды жария түрде өртеу акцияларын ұйымдастырған, деп хабарлайды Malim.kz.
38 жастағы Момика Седертелье қаласында өлтірілді. Шведтік SVT телеарнасының мәліметінше, оқиға оның этникалық немесе ұлттық топқа қарсы арандатушылық жасады деген айып бойынша сот үкімін күтуіне бірнеше сағат қалғанда болды.
Момикамен бірге тағы бір адам осы іс бойынша айыпталған болатын. Үкім шығатын уақыт кейінге шегерілді. Ал екінші айыпталушы әлеуметтік желідегі X парақшасында: «Келесі – менмін» деп жазды.
Полиция Момиканың өлімін тергеп жатыр, бірақ оның есімі ресми мәлімдемелерде аталмаған. Швед БАҚ-тарының хабарлауынша, ол сәрсенбі күні кешке TikTok-та тікелей эфир жүргізіп жатқанда өз үйінде атылған. Қазіргі таңда қылмысты кім жасағаны туралы нақты нұсқалар жоқ.
Салван Момика бұған дейін Швециядан баспана алған. Ол өзін атеист деп атап, исламға қарсы өткір мәлімдемелер жасаған. 2023 жылы Құранды өртеу бойынша бірнеше акция өткізген, бұл көптеген мұсылман елдерінің наразылығын тудырып, радикалды исламистер тарапынан теракт қаупін күшейткен. Түркия осы оқиғадан соң Швецияның НАТО-ға қосылуына келісім беруді кешіктірді.
Швед билігі 2023 жылы Момиканы елден шығару туралы шешім қабылдаған. Алайда, бұл шешім орындалмай қалды, өйткені билік оның туған жерінде азаптау мен адамшылыққа жатпайтын қарым-қатынасқа ұшырау қаупі бар екенін мойындаған.
Фото: әлеуметтік желі