freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Аллаға шүкір": Мұстафа Өзтүріктің қызы әкесі жайлы қуанышты хабарды айтты (ВИДЕО)

Қоғам
"Аллаға шүкір": Мұстафа Өзтүріктің қызы әкесі жайлы қуанышты хабарды айтты (ВИДЕО)
El.kz коллажы. Суретте: Мұстафа Өзтүрік пен Неслихан Өзтүрік

Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік әкесіне қатысты тарихи жәдігерлерді Қазақстанның әр аймағында көрсету туралы бастама көтерді. Ол бұл ұсынысын Instagram парақшасында жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Неслиханның айтуынша, Қазақстанның жері кең, қалалар арасындағы жол ұзақ болғандықтан, көп адамның Астанаға немесе Алматыға арнайы барып, Мұстафа Өзтүріктің жеке заттары мен тарихи мұрасын көруге мүмкіндігі бола бермейді.

Оның пікірінше, бұл жәдігерлерді тек ірі қалаларда ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де көрсету маңызды. Себебі Мұстафа Өзтүріктің мұрасы халыққа, әсіресе жас ұрпаққа рух, күш және шабыт бере алады.

"Аллаға шүкір, еліміз үлкен, жолымыз да алыс. Сол себепті әр адамның Астанаға немесе Алматыға барып, әкем Мұстафа Өзтүріктің тарихи заттарын көруге мүмкіндігі бола бермейді деп ойлаймын. Мен Қазақстанның басқа аймақтарындағы халық пен келешек ұрпақ та бұл мұраны өз көздерімен көріп, одан рух, күш пен шабыт алғысы келеді деп ойлаймын. Сол үшін Қазақстан бойынша көшпелі көрме жақсы шешім бола ма? Мен үшін халқымның пікірі өте маңызды. Сіздер қалай ойлайсыздар? Қай қалаларда көргіңіз келеді?" – деп жазды Неслихан Өзтүрік.

Бұған дейін Неслихан Өзтүрік Алматыда әкесінің есімі берілген көшеге арнайы барып, әсерлі сәттерін бөліскен еді. Сондай-ақ Мұстафа Өзтүріктің қызы әкесінің 22 жыл бойы сақталған құпия мұрасын ашқанын да жазған едік. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында әкесінің бұрын көпшілікке беймәлім болып келген фотосын жариялаған болатын.

Мұстафа Өзтүрік – қазақ таеквондосының іргетасын қалаған тұлға

Мұстафа Өзтүрік – қазақ спортында ерекше орны бар, таеквондо өнерінің Қазақстанда дамуына зор үлес қосқан көрнекті тұлға. Ол 1954 жылы Түркияның Кайсери қаласында дүниеге келген. Шын есімі – Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман. Бала күнінен білімге құштар, еңбекқор болып өскен ол спортқа да ерте қызығушылық танытты.

Жастық шағында Ыстанбұлда білім алып, кейін Тайваньдағы жоғары оқу орнында халықаралық журналистика мамандығы бойынша оқыды. Дәл осы кезеңде ол корей халқының дәстүрлі жекпе-жек өнері – таеквондомен шұғылдана бастады. Табандылығы мен үздіксіз еңбегінің арқасында Мұстафа Өзтүрік бұл спорт түрінде жоғары деңгейге көтерілді.

Ол таеквондодан алты мәрте әлем чемпионы атанып, қара белбеудің 6-дан дәрежесіне қол жеткізді. Кейін Түркия мен Германияда таеквондо мектептерін ашып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Спортшы ретінде ғана емес, бапкер әрі ұйымдастырушы ретінде де танылды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Мұстафа Өзтүрік тарихи Отанына оралып, елде таеквондоның дамуына белсене атсалысты. Алматыда таеквондо мектебін ашып, Қазақстан таеквондо федерациясының қалыптасуына үлес қосты. Оның еңбегі қазақ жастарының бұл спорт түріне қызығушылығын арттырып, отандық спортшылардың халықаралық аренаға шығуына жол ашты.

Мұстафа Өзтүрік бірнеше тілді меңгерген, жан-жақты білімді, рухы биік азамат болған. Ол спортты тек жарыс пен жеңіс құралы емес, халықты біріктіретін, жастарды тәртіпке, төзімге және намысқа тәрбиелейтін үлкен мектеп деп түсінді.

Өкінішке қарай, Мұстафа Өзтүрік 1995 жылы Алматы қаласында 40 жасында өмірден өтті. Кейін денесі Ыстанбұлда жерленді. Бүгінде оның есімі қазақ спорты тарихында құрметпен аталады. Алматыда Мұстафа Өзтүріктің атына көше беріліп, ескерткіш орнатылған. Оның өмір жолы мен еңбегі жас спортшылар үшін үлгі болып қала береді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу