Алматыда кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін азайту үшін кең ауқымды экологиялық шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Алматы қаласы бойынша Экология басқармасының басшысының орынбасары Алмат Әлқожа мәлімдеді.
Әлқожаның айтуынша, мегаполистегі негізгі міндеттердің бірі – өнеркәсіптік ластануды азайту. 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс ЖЭО-2 нысанын толық жаңғырту жобасы атмосфераға таралатын зиянды қалдықтарды 13 есе қысқартуға мүмкіндік береді.
«Алматы – халқы тығыз орналасқан, өндіріс, ғылым және мәдениет тоғысқан мегаполис. Сондықтан экологиялық ақпараттың ашықтығы мен мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы тиімді әріптестік – тұрақты дамудың басты шарты», –
деді Әлқожа.
Экология департаменті қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылауды жүйелі түрде күшейтіп келеді. Ірі табиғат пайдаланушылар үшін автоматтандырылған эмиссия мониторингі жүйесін енгізу міндеттелген, ол ластаушы заттардың көлемін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Қазір бірнеше кәсіпорын жүйеге қосылып үлгерген, процесс әрі қарай жалғасады.
Алмат Әлқожаның айтуынша, қазір бірқатар кәсіпорындар экологиялық жауапкершілігін өз бастамасымен арттыруда.
«Ашық диалог пен бірлескен шешімдер ғана Алматыдағы экологиялық жағдайды жақсартуға және кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін тиімді төмендетуге мүмкіндік береді», –
деп атап өтті экология департаментінің басшы.